Спортшыларды серпілтіп, қанаттандырып тұру қажет-ақ. Бойында таланты бар жас қолдаудың арқасында биікке ұмтылып, үлкен межелерді бағындырары сөзсіз. Бүгінде күрес түрлері болсын, бокс болсын жасындай жарқырап алтын алып жүрген жастарымыздың дені ауылдан шыққан қарадомалақтар. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей олардың бойындағы дарынын бағалай біліп, баптаса болғаны. Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткен жастар арасында бокстан Азия чемпионатының чемпионы атанған Окороков мектебінің оқушысы Нысан Дəулетті осындай талантты жастардың бірі. Өзге елде абыройымызды асырып, туымызды көкте желбіреткен жас боксшыны Сарыағаш ауданының əкімі Б.Парманов қабылдап, алдағы уақытта əлем чемпионатына қатысуға барын салуын және Қазақстанның атын шығаратын спортшы болуын айтқан болатын. Аудан əкімінің тілегі қабыл болып, жас спортшы биік жетістікті бағындырды. Қыркүйек айының 2-12 күндері аралығында Санкт-Петербург қаласында өткен бокстан Əлем чемпионатының жеңімпазы атанып келді. Бағы мен бабы қатар шапқан жас спортшы Нысан Дәулетті жуырда аудан əкімі құттықтап елдің атынан алғыс айтып, бағалы сый-сияпаттарын табыстады. Бұл сайыста Қазақстан құрамасы бір алтын, бір күміс және үш қола жүлдемен елге оралды. 50 келі салмақ дәржесінде айқасқа түскен Нысан Дәулетке бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Командалық есеп бойынша құрамамыз бесінші орынға орналасты. Алтын жүлдегер Дәулет Нысан 50 килоға дейінгі салмақта өнер көрсетіп, ақтық айқаста АҚШ өкілі Рей Диастан 2:1 есебімен басым түсті. Ал кубалық Дайниер Перодан 0:3 болып ұтылған 80 килоға дейінгі салмақтағы Хуршидбек Искандаров күміс медальды қанағат тұтты. Бізден сондай-ақ Айбек Досанов (46 кг), Саматәлі Төлтаев (52 кг) және Айбол Жамбырбай (63 кг) қола медальға қол жеткізді. Чемпионат қорытындысында 5 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жинаған Ресей боксшылары бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынға 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медалі бар Өзбекстан ұландары көтерілді. Үшінші орынға 1 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль алған АҚШ командасы орналасты. Өңіріміздің ғана емес елімдің мерейін асырған жастарымызды әрдайым осылай мақтап, марапаттап, қанаттандырып отырсақ алар асу бұдан да биік болары сөзсіз.