Күз айының келуімен бірге жылы ұясын қамдайтын құстар сияқты студенттер қаптайды қалада. Шалғай шеттен келгендері мүмкін болса жатақханада тұрғысы бар. Ол үшін мүмкіндік те мол. Облыс орталығындағы жоғарғы оқу орындары мүмкіндігі болса мұқтаж студенттердің барлығын да жатақханамен қамту үшін барлық жағдайды жасап бағуда. Облыстағы маңдайалды оқу орындарының бірі М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде 14 500 студент білім алса, мүмкіндігінше сұраныс білдірген әр студенттің жағдайына қарай жатақханамен қамту жағын қарастырады. Осы оқу ордасына тиесілі №4 жатақханада күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан ондағы студенттерді өзге жатақханаларға бөлініпті. Жуық арада жөндеу жұмыстары біткен соң, студенттердің барлығы да жайлы да, ыңғайлы жатақханаға орналасатын болады. Ал, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педогогикалық институты 600-дей студентті жатақханаға орналастырған. Оқу ордасында 3 200 студенті білім алып жатса, оның басым бөлігі жатақханамен қамтылған. Жуырда ғана 12 қабатты «Студенттер үйі» пайдалануға беріліп, студенттер қуанышқа кенелген болатын. Заманауи талапқа сай салынған ғажап ғимаратта бүгінде студенттер әрі мекен етіп, әрі түрлі іс-шаралар өткізетін орталық етіп ыңғайластырған. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының жатақханасы биыл күрделі жөндеуден өткізіліп, жұтынып тұр. Мұнда жастарға бар жағдай жасалынған. Жаңа оқу жылына орай жаңадан газ плиталары, тоңазытқыш, әр бөлме жиһаздармен жабдықталған. Өзге жатақханалардан өзгешелігі мұнда аула гүлге көмкерілген. Айнала көкорай шалғынға малынып тұр. Мұнтаздай тазалық салтанат құрған. Көрген көз қуанарлықтай. Аталмыш үш жоғарғы оқу орнында жатақханада тұру ақысы жылына 23-25 мың теңгенің аралығында. Бұл қаражат студенттің қалтасына салмақ салмайды, әрине. Облыс орталығындағы жоғары оқу орындарының басым бөлігі жатақханамен қамтылған. Жатақханалардың дені тегін ғаламторға қосылып, элекронды кітапханамен жабдықталған. Бұның студент жастарға іздену үшін көп көмек көрсетері анық. Әсіресе электронды кітапхананың жастарға ауадай қажет екені сөзсіз. Аса зәру кітапты іздеп, қаланың о шетінен бұ шетіне зыр жүгіріп жүретін заман өткен. Ілім іздеп, білімін жетілдіремін деген жас жатақханада отырып-ақ қажет кітабын тауып ала қояды. Оның үстіне таң сәуірлеп атқаннан қас қарайғанша оқу оқитын студенттердің кітапхана аралап жүретін уақыттары да жоқ екені белгілі. Жатақханаларда жастарға барынша жағдай жасалғаны қуантады-ақ. Оның үстіне жатақтардың басым бөлігі жыл сайын күрделі жөндеуден өтіп, заманауи үлгіде жаңаланып тұрады. Мұнда орналасқан соң әрине барлық студентке қойылатын өзіндік талаптары бар. Мемлекет мүлкін зақымдамауға, барынша қамқорлықпен қарау талап етіледі. ОҚМПИ-на тиесілі «Студенттер үйіндей» заман талабына сай, керемет жатақхана салу үрдісі алдағы уақытта жалғасын табады деген үміт басым. Жыл сайын жастарға осындай жағдайлы жатақханалар салынса әрине, студенттердің барлығын да жатақханамен қамту мүмкіндігі зор. Осы үрдіс жалғасын тапса, біліміне білігі сай талапты жастардың қатары көбейері анық.
Связанные истории
18.01.2021
25082
26.02.2020
25136