Бүгінгі жас бұрынғыдай емес, қай нәрсенің де байыбына бармай соңынан еріп кетпейді. Таразылайды, сарап талқысынан өткізеді. Өзіне пайдалы ма, айналасындағыларға кесірін тигізбей ме, соның бәрін де жүрек көзінен өткізіп барып, зердесіне түйеді. Өтпелі шақтың өтінде тұрған жасөспірімдердің санасын улап, соңымыздан ертеміз деген солақай діннің жетекшілері қатты қателеседі. Бұрынғыдай емес, бүгінде жастардың жат діннің жетегінде кетпеуі үшін алдын алу шаралары жүргізілуде. Бұндай іс-шаралар санасы солқылдақ жастардың солға бұрылып кетпеуі үшін көп көмегін тигізері сөзсіз. Жан-жақты сарапталған баяндамаларды тыңдаудан бөлек жастар өзін толғандырған сауалдарына да жауап тауып жатады. Берері көп дегеніміз содан. Жасөспірімдер мен жастар арасында деструктивті ағымдардың ықпалының алдын алу мақсатында жуырда Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясында оқытушы ұстаздарымен және студенттермен «Діни экстремизм мен терроризм: туындау себептері мен сипаттамалары» тақырыбында кездесу болып өтті. Кездесуге Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры Тұсынбай Нұржан Арыстанбекұлы қатысты. Бүгінгі таңда бүкіл әлем елдерін алаңдатып отырған қауіпті дерттердің неден туындауы, оның шырмауына түсіп адаспаудың жолы қайсы, осы мәселенің маңызын ашып, жан-жақты талқылаған тақырыптан жастардың ойға түйгені көп болды.
Нұржан Тұрсынбай: Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің директоры: «Дін хақында аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Дей тұрғанмен, қоғам өмірінде маңызды орын алатын бұл мәселеге өте мұқият назар аудару қажеттігін дүрбелеңге толы дәуірдің өзі дәлелдеп отыр. Ұлтымыздың мақтанышы ұлы Абай Құнанбайұлы: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегенде келер ұрпаққа көп жайттан хабар бергені ақиқат. Сондықтан да бұлар Қазақстан Республикасының Президенті — Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында мынадай жолдар атап көрсетілгені белгілі: «Біз мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт—дәстүрді, ата—ананы сыйлауға негізделген. Ендеше, бүгінгі ұрпақ та әлемдегі ең ізгі дін — ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Елбасымыз «Экстремизммен күрес әйтеуір жазықтыны іздеп табуға айналып кетпеуге және дінмен күреске жалғасып кетпеуге тиіс», — деп шегелеп айтқанын естен шығармаған жөн. Яғни Мемлекет басшысы мұнда шынайы дін мен сол дінді бетперде еткісі келетіндердің аражігін ажыратып берген».
Жауабын күткен сан сауалға толымды да тұщымды, қанағаттанарлық жауап алған жастар алдағы уақытта да осындай келелі кездесулердің көптеп өтіп тұруын қалайтындықтарын жеткізді. Кездесу соңында оқытушы-ұстаздар мен студенттер өздерінің толғандырып жүрген дін тақырыбындағы сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды.