Бүгінде облыс орталығындағы жоғарғы оқу орындарында жастардың жат діннің жетегінде кетпеуі үшін алдын алу шаралары жүргізілуде. Ол үшін түрлі кездесулер, арнайы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бір қарағанда жәй ғана жастардың басын қосқан жиын болып көрінуі мүмкін. Бірақ түпкі мәнісіне тереңірек үңілсек, алдын алу шараларының орны тіптен бөлек. Сол кездесулерде жастардың басым бөлігі жат ағымдардан қалай сақтану қажеттігін көкірегіне түйсе, бұл үлкен жеңіс. Сондықтан да мұндай шаралардың берері көп. Жуырда Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтында «Жасөспірімдер мен жастар арасында деструктивті ағымдардың ықпалының алдын алу» тақырыбында студенттермен кездесу болып өтті. Кездесуге Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі директорының орынбасары М.Бесбаев қатысты. Кездесу барысында М.Бесбаев тақырып бойынша баяндама оқып, жастарға жан-жақты мағлұмат берді. Жастардың діни сауатын арттыру үшін мұндай шаралардың маңызы зор екені аян. Дін атын жамылған жалған ұйымдардан қалай сақтану қажеттігі тереңірек талданды. Ұлттық, әлемдік дәстүрлі діндерден бөлініп шыққан дәстүрлі дін атын жамылған кереғар діни ағымдар жайында мағлұмат беріп өтті. Сонымен қатар, елімізде тіркелген және тіркелмеген дәстүрлі емес діни бірлестіктер туралы кеңінен әңгімеледі. Ондай кереғар діни ағымдардың еліміздің бірлігіне, жеріміздің тұтастығына, халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүріне, қоғам өкілдерінің санасына, жастардың психологиясына тигізер теріс әсері жайында да талқыланып мәліметтер берілді. Жастарымыздың мұндай кереғар ағымдардың жетегінде еріп кетулерінің басты себебі діни сауатсыздық пен діннің кейбір мәселелерін жетік түсінбеушілігінен деп атап өтті. Аталмыш тақырыптағы жиын Шымкент қаласында Аймақтық Әлеуметтік Инновациялық Университетінде де жалғасын тапты. Кездесуге Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы Д. Оспанов қатысты. Тақырыпқа қатысты тың деректер келтіре отырып баяндалған баяндама аса қызу талқыланды.
Д. Оспанов, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасы «Әлеуметтік бастамалар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің «Оңалту жұмыстарын ұйымдастыру» бөлімінің басшысы: «Қоғамымыздың басты мәселелерінің бірі — еліміздегі түрлі дінді ұстанушылар арасында діни экстремистік көзқарастардың орын алуына жол бермеу болып табылады. Осыған орай діни сауатсыздықтан, діни тұрғыдан жүйесіздіктен және бір жақты түсініктен сақтанудың жолдарын түсіну аса қажет. Діни сауаттылық қоғамда қаншалықты жоғары деңгейде болса, діни алауыздық соншалықты төмен деңгейде болады. Ол үшін білімнің, тәрбиенің маңыздылығы жоғары» деді.
Университет жастарына керағар ағымдардан сақтандыру бойынша арнайы дайындалған бейне ролик көрсетілді. Кездесу соңында студенттер өздерінің толғандырған сұрақтарына дінтанушы маман тарапынан қанағаттанарлық жауаптар алды.