Кеңес өкiметiнiң экспортқа шығаратын, айырбастау құны доллармен есептелетiн басты өнiмдерiнiң бiрi қаракөл елтiрiсi болатын. Қаракөл қой шаруашылығын өркендету мен оның рентабельдiлiгiн арттыру сол кезде Үкiмет назарынан түскен емес. Қаракөл қойларын өсiретiн iрi шаруашылықтар, оның тұқымын асылдандыру мақсатында ғылыми—зерттеу институттары ашылып, салаға ерекше көңiл бөлiндi. Сол кезеңде Оңтүстiк Қазақстан облысында Созақ, Қызылқұм (қазiргi Отырар) аудандары қаракөл қой тұқымын өсiруге толық көшiрiлдi. Ал, Түркiстан, Шардара, Бөген (қазiргi Ордабасы) аудандарында бiрнеше қаракөл кеңшарлары ұйымдастырылды. Бұларға қоса, облыста «Шымкент қаракөл» тресi мен Шымкент қаракөл зауыты жұмыс iстедi. Алғашқысы каракөл қойларын өсiру, елтiрi дайындаумен айналысса, екiншiсi елтiрiлердi сұрыптап, өңдеп, шетелдiк стандарттарға сай өнiмдер өндiруге бейiмделдi. Әрi қарай таза өнiм алтынға бағаланып, шетелдерге сатылып жатты. 1968 жылдың соңы мен 1969 жылдың басында Созақ пен Қызылқұм аудандарында 1,5 миллионнан астам қаракөл қойы болғаны рас. Ал, бұларға облыстың басқа аудандарындағы қаракөл қойларын қосып есептегенде 2 миллионнан асқан. Олардан жылына 3 миллионға жуық түрлi сортты және көлемi жағынан әртүрлi деңгейдегi қаракөл елтiрiлерi дайындалған. Кеңестiк жүйенiң ыдырауы қаракөл шаруашылығының да алға басқан қадамын керi кетiрдi. Небәрi бiр—екi жылдың iшiнде қой саны күрт кемiп кеттi. Кеше ғана алтынмен бағаланған қаракөл елтiрiсiн өндiру түгiл, оның түрiн де ұмытып қалдық. Қазiр қаракөл қойларының орнына ет беретiн қылшық жүндi қазақы қойлар мен жүн беретiн меринос қойлары өсiрiлуде. Қаракөл, бiрiншiден, ет пен жүндi аз бередi. Екiншiден, бiзде елтiрiнi өңдейтiн өндiрiс орны жоқ. ҚР Мемлекеттiк сыйлығының үш дүркiн лауреаты, Қаракөл қой шаруашылығы халықаралық ассоциациясының президентi Х.Үкiбаев таза тұқымды қаракөл қойының саулықтары жойылып кету алдында тұрғанын айтады. Қазақстанда ғана шығарылған сұр қаракөл қойы авторының айтуынша, саланың зерттеу жұмыстарына қаражат бөлiнбейдi және қолда бар қаракөлдiң бәрi басқа қой тұқымдарымен араласып кеткен. – Былтыр Жамбыл облысындағы 600 қойы бар бiр отардан қаракөлдiң өзiм шығарған сұр түрiнен талапқа жауап берерлiктей 24 қана қой таптым, – дейдi Оңтүстiк—Батыс жануарлар мен өсiмдiктердi ғылыми—зерттеу институтында қаракөл қойының жаңа сортты түрлерiн шығарумен айналысып келе жатқан ғалым. Сұр қаракөлдiң авторы содан Кеңес Одағы тұсында ұйымдастырылған көрме-жәрмеңкеде өз қойларын сатқан Қалмақияға сұрау салыпты. Олардан 120 қошқарды 8,5 миллион теңгеге сатып алыпты. Қалмақтар сұр қаракөлдiң басын көбейтiп, өсiрiп—өндiрген. Ғалымның мәлiмдеуiнше, бүгiнде Арыс маңындағы шаруашылықта 105 қана сұр түстi қой бар екен. Шардара ауданының «Төбелдi» шаруа қожалығында өсiрiлген Бұхара сұр қойлары үшiн «Қараөткел+2010» көрме жәрмеңкесiнде Х.Үкiбаевтың шәкiртi, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жаппар Каримов алтын медаль алған. Өйткенi, ғалым жоғары нәтижелерге жету үшiн үлкен шараларды жүзеге асыра бiлдi. Қазақстанның оңтүстiгiндегi Қызылқұм аймақтарында Бұхара сұр қаракөлдi өсiру және терiсiн дайындау бойынша жобасы үшiн оған Халықаралық қайта құру және даму банкi 9 миллион теңгенiң грантын бөлiптi. Жоба жүзеге асырылғанымен, сұраныс болмаған соң осынау игiлiктi iс қолдаусыз қалыпты. Ғалым сұр қаракөл елтiрiсiн көп тұтынады деген ниетпен Кавказ өңiрлерiн аралап, ұсыныс жасапты. Алайда, идеясын өткiзе алмаған. Сонан соң ол қаракөл мен қазақтың құйрықты қойларының тұқымдарын шағылыстыру арқылы жаңа түр шығару жолдарымен айналыса бастаған. Бұл iсi алға жылжып, ғалымға табыс әкеле бастапты. Х.Үкiбаев отандық экономикаға әлеуеттi пайда түсiретiн қаракөл қойын өсiру қайта қолға алынатынына сенiмдi. Елтiрiсiн өндеп, өндiруге болатын шағын кәсiпорын ашу туралы бизнес—жобасын жасап, Ауыл шаруашылығы министрлiгiне жiберген екен. Құны шамамен 10 миллион теңгелiк қана жобаға қатысты министрлiк тарапынан әлi күнге жауап келмептi. Оңтүстiк Қазақстаннан экспортқа тек мақта ғана шығарылуда. Егер бiр заманда құны алтынмен бағаланып, жоғары сұранысқа ие болған қаракөл елтiрiсiнiң өтiмдi түрлерi шетелдерге экспортқа тұрақты шығарылса, елдiң қазынасына елеулi кiрiс түсер едi деп ойлаймыз. Ол үшiн қаракөл шаруашылығына өткен ғасырдың 20-жылдарындағыдай оң көзқарас керек. Сол тұста қаракөл қойлары Өзбекстаннан әкелiнiп, жергiлiктi қой тұқымдарымен шағылыстыру арқылы қаракөлдiң басқа түрлерi алынған болатын. Ендi бiзге қаракөл елтiрiлерiн өңдеудi жолға қойып, халықаралық аукционға шығу жолдарын қарастыру керек секiлдi. Жуырда Шардара ауданында болған сапарында облыс әкiмi Б.Атамқұлов қаракөл қойын өсiруге жiтi назар аударып, саланы өркендету өз бақылауында болатынын айтты. Бүгiнгi таңда мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының бәрi еттi қой түрлерiн өсiруге қалыптасып кеттi. Ал, мамандар қаракөл шаруашылығынан келер табыстың көл-көсiр болатынын айтады. Олардың түсiндiруiнше, оның елтiрiсi халықаралық аукциондарға түссе, алтыннан табыс құйылмақ. Екiншiден, қаракөл қойы ет те бере алады. Сүтiнiң майлылығы 7-8 пайыз болатын қойдың етi мен майы адам асқазанына өте сiңiмдi әрi дәмдi. Үшiншiден, әр қаракөл қойдан кемiнде 3-3,5 келiден таза жүн түседi. Қаракөл қойының жүнiнен маталар мен неше алуан кiлем тоқылады. Төртiншiден, ұрықтандыру кезiнде құрамында жылқы қаны бар СЖК препараты қолданылғандықтан, суыққа төзiмдi келедi әрi төлдi көп бередi. Саулықтары күйлi болса, қойдың бұл түрi жылына екi-үш қозыдан бере алады. Бүгiнде дүкендерде қаракөл елтiрiсiнен дайындалған қыз-келiншектерге арналған тонның бағасы күзен iшiкпен (норка) барабар. Әскери құрылымдардың бастықтары, генералдар мен жоғары шендi офицерлер қаракөл терiсiнен дайындалған бас киiм киедi. Қыстық сырт киiмдерiнiң жағасы елтiрiмен қапталады. Сонда қорғаныс саласының өзiнен қыруар қаржы табуға болады екен. Мал терiлерi тиын-тебенге сатылып, алыс-жақын шетел асып, елiмiзге киiм болып қайтып келiп жатыр. Ал, пұл болмағандары ауыл-аймақтың iргесiнде iрiп-шiрiп, күл-қоқысқа айналуда. Ендеше, қаракөлге келгенде қырсыздық танытып, мол қаражаттан қағылып отырғанымызды ойланайық.
Қуаныш НҰРМАШЕВ, журналист