
Облыс әкімі Б.Атамқұлов өңірде білім алып жүрген жастарды мемлекеттік қызметке көптеп тарту туралы тапсырмасына сәйкес, «Алтын қор» кадрлар резерві жасақталды. Осы негізде ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің ОҚО бойынша Департаменті басшысының орынбасары Айбек Шілманов, Облыс әкімдігінің персоналды басқару қызметі бөлім басшысы Жәнібек Наушабай және Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Болат Жанәбіл биыл мемлекеттік қызметке орналасуға ынтасы бар 70 үздік студенттермен кездесті.Енді, аталған талапкерлер ОҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығында кадрлар резервіне іріктеледі. Содан соң, арнайы комиссиядан өтіп, мемлекеттік қызметке дайындықпен баруға мүмкіндік алады. Бағдарлама нәтижесінде , жас мамандар аудан, қала мен ауыл әкімдіктеріне жолданып, «Меритократия» қағидасы негізінде сатылай жұмысқа қабылданады деп күтілуде. Аталған студенттерге ОҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығында «Алтын қор» кадрлық резервін жасақтау мақсатында мамыр айында оқу орындарының үздік бітірушілеріне арналған 5 күндік оқыту семинары жоспарланған.
Арнайы семинардан өткен студент жастар мемлекеттік қызмет туралы заңдылықтармен қысқа мерзімде оқып үйреніп, облыс аумағында бос тұрған әкімішілік орындарға құжаттарын тапсырып, арнайы комиссиядан іріктеуден өтіп мемлекеттік қызметке дайындықпен баруға мүмкіндік алады.