Апта басында ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы брифинг өткізді. Басқарманың жастармен және жастар қоғамдық бірлестіктерімен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Мұхтар Сейтжапбаров: «Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жастарымызға барынша жағдайлар жасалынды. Мәселен елімізде жастардың жан-жақты дамуы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсарту мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. «Дипломмен ауылға», «Серпін- «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» әлеуметтік жобасы, «Жастар практикасы» бағдарламасы. Осы жобалар мен бағдарламаладың игілігін көрген жастар көп»,-деді спикер. Жастар практикасы бағдарламасы бойынша бүгінгі күнге дейін облыста 24 775 жас жұмысқа тартылып, оның 10 мыңға жуығы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал жыл басынан бері Жастар практикасын ұйымдастыруға 1 361 жұмыс берушілермен келісім-шарттар түзіліп, нәтижесінде 4069 жас жұмысқа тартылды. Жеткен жетістіктермен қатар кем-кетіктерді де тілге тиек етті. Негізінде тілшілер тарапынан қойылған сауалдың бірі жатақхана мәселесі болды. Бүгінде облыста студент жастарға арналған жатақхана тапшы. Оқу маусымы басталысымен студенттердің пәтер іздеп сабылатыны жасыратын жағдай емес. Мұхтар Сейтжапбаров бүгінгі күні Үкіметке облыс орталығынан 3 жатақхана салу туралы ұсыныс жолданғанын тілге тиек етті. Бір ғана Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтика академиясының базасында бір жатақхана салынып жатқанын айтты. Ал қалғанының қашан қолға алынатыны белгісіз екендігін жеткізді. Сонымен қатар, Мұхтар Сейтжапбаров студент жастардың жазғы мезгілде бос уақыттарын тиімді өткізу үшін әрбір аудан, қалада «Студенттік құрылыс жасақтары» мен «Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмыс жасап жатқанын айтты. Ол өз сөзінде соңғы 3 жылда қайтадан жанданған студенттік құрылыс жасақтарына облыстағы 1358 жас тартылғанын, ал биыл бұл бағытта 500 жас жазғы еңбек жұмысына жұмылдырылғанын жеткізді. Сондай-ақ, «Жасыл ел» еңбек жасақтарына 2004 жылдан бері 12 мыңнан аса жас жазғы еңбек маусымында жұмыс жасаса, 2016 жылы 686 студент жазғы маусымдық жұмыста еңбек етуде. Жастарға арналған қолжетімді тұрғын үй жүйесін дамыту мақсатында өткен жылы 318 жас тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Мүмкіндігі шектеулі жастар да назардан тыс қалмаған. Баспаналы болу бақыты бұйырғандардың төртеуі әлеуметтік топтағылар. Баспана мәселесі бүгінде күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе болғандықтан алдағы уақытта оң шешімін тапса деген ниетті жастар көп.
Связанные истории
18.01.2021
26048
26.02.2020
26058