Бүгінде студенттердің жазғы демалыс уақытын тиімі пайдалану мақсатында «Жасыл ел» және «Студенттік құрылыс жасақтары» құрылғаны белгілі. Осы жасақтарда мыңдаған студент ала жаздай тер төгіп, еңбектің дәмін татты. Әрі олары өздеріне де, қоғамға да пайдасын тигізді. Мүндай игі іске Оңтүстік Қазақстан облысы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мұрындық болған еді. Жуырда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік университетінде «Студенттік құрылыс жасақтарының» жабылу салтанатты іс-шарасы өтті. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы Шымкент қаласындағы бірқатар мердігер компания басшыларымен болған келіссөз нәтижесінде студенттердің жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Студенттік құрылыс жасақтарына» студенттерді еңбекке тарту жұмыстары жүргізген болатын. Ағымдағы жыл басында облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес құрылыс компания басшыларымен болған мәжілістің нәтижесінде 2016 жылы М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің құрылыс мамандығында білім алған 360 аудан, қалалардан 140 студент құрылыс компанияларында «Студенттік құрылыс отрядтары» аясында құрылыс жұмыстарында еңбек етті. Ол үшін әр студенттің орташа жалақысы 50-60 мың теңгені құрады. «Студенттік құрылыс отряттары» Шымкент қаласында Қазақстан кинотеатрының және «НұрСәт», «Қайтпас», «Тұран» ықшам аудандарындағы көп қабатты үйлердің құрылысында өз қолтаңбалары бар. Еселі еңбек еткен жастар арнайы дипломмен марапатталды. Келер жылы да бұл шара өз жалғасын таппақ. Өткен жылдары да «Нұрсәт» шағынаудандағы көпқабатты үйлердің бой көтеруіне 365 студент өз үлестерін қосқан еді. Олардың техникалық қауіпсіздігі үшін алдын-ала оқу-жаттығу сабақтары да жүргізілген-тін. «Студенттік құрылыс жасағының» қатарынан табылу талай жастың арманы болған. Дегенмен мүмкіндікке жыл бойы қоғамдық шараларға қатысып, жақсы оқыған белсенді құрылыс саласының студенттері ғана қол жеткізіп отыр. Және жастарға арналған жалақы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 мың теңгеге артыпты.