Студент жастар үшін оқуымен қатар тәжірибені қоса үйрену бүгінгі күннің басты талабы. Университет қабарғасында жүріп құрылыс алаңында тәжірибеден өткен студент ертеңгі күні жұмысқа тұрғанда білікті маман болып шығары анық. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті соңғы әлетте құрылыс және көлік факультетінің студенттерін қайнаған құрылыс ортасына жіберіп, тәжірибеден өткізіп жүр. Оның үстіне биыл ала жаздай студенттік құрылыс жасақтарының жмысты қарқынды жүргізуі де тиімді болып отыр. Құрылыс ісі күрделі де ауыр болғанына қарамастан, студенттер құрылыс нысандарында кірпіш қалап, есік сырлаған. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы құрылыс алаңында атқарған еңбектерін бағалап, арнайы алғыс хат пен диплом табыс етті. ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген бұл акцияға қатысқан құрылыс факультетінің студенттері «Отау- Строй» сынды құрылыс компанияларымен бірге тұрғынүйлерді сырлауға, әктеуге атсалысқан. Сонымен қатар, 55-60 мың теңге көлемінде жалақы алып, құрылыс саласында тәжірибе жинақтаған. Мұнша қаржы студенттер үшін қосымша табыс көзі болды. Енді олар болашақ кәсіптерінің қыр-сырын үйреніп, жасқанбай жұмысқа кірісе беруіне болады. Бұл Оңтүстік Қазақстан облысындағы жергілікті билік өкілдерінің білім саласына көбірек көңіл бөліп, студенттердің жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалануына жасап отырған қамқорлығының бір парасы. Келесі жылы студенттік жасаққа қатысушы жастардың санын 1000-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Тіпті одан да асып кетуі мүмкін.
Динар Бекасыл