
Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысындағы Отырар ауданында шығарылатын шұбат бүкіл еліміздің нарығын қамтып отыр. Ұлттық сусынға деген сұраныс жоғары. Сапасы жоғары әрі бағасы да қалтаға қонымды. «Отырар-Сүт-Ет» ЖШС –і біршама уақыттан бері балбақшалар мен мектептерді сүтпен қамтып келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіпкерлер дамудың жоғары сатысына өрлеп келеді. «Отырар – Сүт – Ет» ауылдық тұтыну кооперативі өз жұмысын осыдан үш жыл бұрын бастаған болатын. Бүгінде мұнда күндігіне 1500 литр сүт пен 1000 литр айран өндіріледі. Ал тәулігіне 2 мың литр шұбат шығарылады. Өнім Астана мен Алматы қалаларына жөнелтіледі. Негізгі тұтынушылары жергілікті тұрғындар. Ауданда ұлттық сусынды өндірумен 70 шаруашылық айналысады. Қажетті құрылғыларды, қоспаларды Ресейден алып келеді. Жуырда ғана серіктестік 100 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау алған болатын. Аталған қаржы бордақылау алаңын салуға, құрғақ түйе сүтін өндіруге арналған құрал жабдықтар алуға жұмсалды. Бүгінде мұнда 50 адам жұмыспен қамтылып отыр. Жоғары сапалы өнімге деген сұраныс күннен күнге артып келеді. Бүгінде серіктестік инновациялық тәсілдерді қолдана отырып құрғақ сүт өнімін шығаруды қолға алғалы отыр. Өзіндік емлік қасиеті бар ұлттық сусынға деген сұраныс ешуақытта да төмендемейтіні анық.
Анна ШОЛГИНА