
ОҚО дағы Киелі Отырар жерінде Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толуына орай салтанатты жиын болып өтті. Алыс-жақын шет елдер мен Алматы, Астана қалаларынан келген ғалымдар арнайы конференцияда бас қосты. Олар ұлттың айбынды ұлдары Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш зиялыларының ғұмыр дерегіне терең бойлады. Ұлт қаймақтары аңсаған азат күн – бүгінгі Қазақстанның жарқын бейнесі деп, ерекше дәріптеді. Баптардың бабы – байырғыдан Арыстан баб. Ғалымдар алдымен Ясауи ұстазының рухына тағзым етті. Кесененің қазіргі келбетін көріп, рухани жаңғырған елдің тарихқа құрметі бір сәтке де бәсеңдемейтінін ұқты. Ал, арнайы конференцияда Алаш айбындыларын ержүректігі мен отансүйгіштігін ерекше еске алды. Алаш зиялыларының өмірі мен қызметі осы оңтүстік өңірімен тікелей байланысты. Сондықтан дәуір дүлдүлдерінің Шымкент, Отырар, Түркістан жеріндегі жетістіктері жиі айтылды. Айтулы шараға ғалым, академиктерден бөлек, ұлт музыкасының шын жанашыр, шынайы тілекшілері, көркем, көсемсөз иелері: журналистер мен ақындар қатысты. Олар ұлттың ұлы перзенттерін танып, білу, оларды ардақ тұту – азаматтық міндет деп біледі. Бұл күні Әлихан бастаған Алаш зиялыларының рухына арнап, Құран бағышталды. Қонақтарға салтанатты қонақасы берілді. Игі шараның жоғары деңгейде өтуіне Отырардың төл перзенті, меценат Әбдімәжіт Сыздықбеков демеушілік жасады. Қасиетті мекенде өрбіген шара елдің дәстүрін дәріптеп, рухани жаңғыруды негізге алды. Ұлт тарихын, демократияшыл мемлекеттің негізін қалаушылардың бірі ретінде Алаш зиялылары ұлт жадында мәңгі сақталатыны сөз болды.
ПЕРИЗАТ Биназарқызы