
«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру бойынша жер-жерде жобалық кеңселер өз жұмысын бастаған. Осыған байланысты ОҚО дағы бірлестік атқарып жатқан істерімен таныстырды. Жиынға Алаш зиялыларының ұрпақтары, Қазақстанға белгілі қайраткерлер, ғалымдар мен жүрегі «елім» деп соққан партиот-азаматтар арнайы келді. Бұл ұйым — Елбасы мақаласындағы алты басымдықты жүзеге асырып, сол арқылы қоғамның санасын жаңғыртуды көздейді. Өз жұмысын ағымдағы жылдың маусым айынан бастаған. Бүгінде маңызды құжаттағы межелі міндеттерді орындау үшін 95 жоба дайындалып үлгерді. Бар жұмыс осының шеңберінде іске асып отыр. Бақытжан Әшірбеков — облыстық жобалық кеңсе басшысы «Елбасы мақаласындағы маңызды мәселенің бірі – «Туған жер», «Өлкетану» мәселесі болып тұр. Біз білім басқармасына қарасты әдістемелік орталықпен байланысып көрдік. Мектептерде «Өлкетану» пәні бойынша оқулық осы күнге дейін жоқ екен. Әр мұғалім факультатив ретінде сабақ беріп, өз ынтасымен, қалауымен үйретіп келген. Біреулері «Географияға» басымдық берсе, енді бірі бұл пәнді «Тарихпен» байлыныстырып өткен. Сондықтан, осы мәселенің барлығын бір жүйеге келтіруіміз керек». «Қазақтың бүгінгі тағдыры – ұлысымның ұйытқысы Оңтүстік Қазақстанға байланысты». Кеңсе жұмысымен танысқан қонақтардың ортақ пайымы осыған саяды. Себебі, түстік өңір ата-салттың қаймаған бұзбаған. Небір зұлмат заманда, қиын қыстау күнде де төл тіршілігінің өзегін жоғалтпаған. Алаш зиялыларының ішінде де сол күндегі «Түркістан» автономиясы аталған атақты өлкемізге // аяқ баспағаны кемде-кем. Сондықтан, көшбасшымыз қалаған халқымыздың «Рухани жаңғыруын» түстікте түлету маңызды. Ауылдан Астанаға дейінгі қазақтың мүддесі — туған еліміздің «Мәңгілік ел» деген мұратына қызмет етуі керек. Бұл тұрғыда білім биігіне жетелеп, ғылымнан ғибрат түйдіретін маңызды бағдарлама – бүтін қазақ жұрты үшін айнымас серік, өшпес шамшырақ болмақ. Ал, өнімді еңбекке үндейтін мақаланы іске асыру — баршаға ортақ міндет.
АЙЖАН Әшірхан