
Жаһандану заманында ұлттық құндылығын құрметтеп, оны жас ұрпағының санасына сіңіре алған ел ғана өзін ұлы ұлт ретінде сақтап қалады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «мәңгілік ел боламыз десек, біз де өткенімізді өгейсітпей, өшкенімізді жаңғыртуымыз керек!». Өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнап келе жатқан ұстаздың ойы осыған саяды. Оңтүстікқазақстандық ұстаз Қалипа Ербосынның тарих пәнінен дәріс беріп жүргіне 20 жылға жуық уақыт болған. Содан болар, қазақ елінің өткеніне қанық. Айтуынша, бүгінгі буынның ескі күндер естелігінен алар өнегесі көп. Сол үшін білім қуған балаларды алдымен, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға үйретіп, қазақы қалыпта өсіруіміз керек. Қалипа Ербосын – тарих пәнінің мұғалімі «Бірінші кезекте қазақи құндылық, яғни, ата-бабамыздың салт – дәстүрін, мәдениетін баланың санасына сіңіріп өсіруіміз керек. Сондықтан да қазақ халқының өміршеңдігі мәңгі болуы үшін осы бағытта жұмыс жасап келе жатырмыз». Өткенді ұмытсаң, болашақ саған тас атады. Бұл — бүгінгі емес, бұрынғының тәмсілі. Өткенсіз болашақтың жоқтығы баршаға белгілі. Солай екен, өткенімізді ұлықтап, болашқтың іргесін бірге қалайық!
МАҚСҰТ Жарылқасын