
ОҚО Шардара су қоймасы жағалауында «Бұқаралық спорт – жастар үшін» тақырыбында 16-20 жастағы студенттер арасында «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің Кубогы» жарысы өткізілді. Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Жолдыбай құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жастарға сәттілік тіледі.
Іс-шараны облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және Шардара ауданы әкімдігі ұйымдастырды. Студент жастар арасындағы ойындар негізінен, спорттың жағажай волейболы, шағын футбол және арқан тарту түрлері бойынша өрбіді.
Кешке дейін созылған жарыс өте қызықты да тартысты өтуімен есте қалды. Спорттық жарыстардан бөлек, теңіз жағасында шомылған жастар құмнан қалашықтар салып, «Бәйтерек» нысандарын бейнеледі. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі баксқарманың басшысы Балмаржан Нарбекова, Шардара қалалық қауымдастығының төрағасы Қыстау Ілесов сөз алып, бұл спорттық жарыстар – ең біріншіден жастардың өзара достығын нығайтуға, туған жерді тани түсуге септігін тигізетін игі шара болғанын айтып өтті.
Шағын футбол жарысында ІІІ орын Қазығұрт ауданына беріліп, арнайы дипломдармен қатар 25 мың теңге қаржылай сыйлық тарту етілді. ІІ орын Кентау қаласына бұйырып, қаржылай 50 мың теңге иеленді. І орынды иеленген Мақтарал ауданына 70 мың теңге берілсе, бас жүлдеге ие болған Шардара ауданының командасы 100 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды. Сол сияқты, арқан тарту ойынында ІІІ орынды Түлкібас, ІІ орынды Қазығұрт, І орынды Мақтарал, бас жүлдені Шардара ауданы жеңіп алды. Жағажай волейболында ІІІ орынды Созақ ауданы, ІІ орынды Шымкент қаласы, І орынды Кентау қаласы, бас жүлдені Шардара ауданы иеленді.