
Оңтүстік Қазақстан облысындағы керемет демалыс орындарын, саялы саябақтарды салдырған арда туған азамат Асанбай Асқаровтың туылғанына биыл 95 жыл толып отыр. Осыған орай облыс орталығында мәдени шара болып өтті. Тындырылған тірліктерімен таңқалдырған, ерен еңбегімен ерекшеленген Асанбай Асқаровты көзін көргендер мен жастар еске алды.
Көрнекті қоғам қайраткері, ел дамуына сүбелі үлес қосқан, қазақтың асыл перзентінің бірі Асанбай Асқаровтың туылғанына биыл 95 жыл толды. Осыған орай Асанбай Асқаровтың есімі берілген көшедегі ескерткіш алдында салтанатты жиын өтті. Іс шара барысында 79 жасында дүние салған дарабоздың өмірі Асанбай Асқаров туралы тұшымды пікірлер айтылды.
Асанбай Асқаровтың өмірлік жолы өскелең ұрпаққа өнеге. Жамбыл облысының тумасы еңбек жолын 17 жасында мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған,1942-1946 жылдары әскери міндетін өтеп, саяси училищеде оқыды. Әскерден оралған соң комсомол, партия қызметінде адал еңбек етті. 1986 жылы Колбин басқарған кезеңде Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушылардың бірі деген кінә тағылып 4 жарым жылға қамауға алынды.
1991 жылы айыптың мүлдем негізсіздігі анықталып, Қырғыз Республикасы Жоғарғы соты төралқасының шешімімен ол толық ақталды және азаматтық құқықтары қалпына келтірілді. Алайда сол солақай саясаттың салдары ма осы күнге дейін халықтың алдында беделі ерекше ағамызға құрмет өз деңгейінде көрсетілмей келеді дейді қызметтес болған жерлестері.
Оңтүстік жұртшылығының Асанбай Асқаровқа деген ықыласын ағамыздың тас мүсінін айнала қоршаған гүл шоқтарынан байқадық. Атпал азаматтың туған күнін ұмытпағандар құрмет көрсетуді дәстүрге айналдыра бермек.