
Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Əзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінде «Мұражай мұрағаты тіл қатса…» тақырыбындағы фотокөрме көрерменге жол тартты. Көрме Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілген тарихи мәдени құндылықтарды дәріптеу аясында ұйымдастырылып отыр. Әрине өткенсіз бүгін жоқ. Бүгінсіз болашақ жоқ, кешегі сурет бүгінгі музейдің мұрағаты. Аталған шараға қатысушылардың қарасы қалың болды. Көрмеге қойылған әр суреттің сырына қанығып, тарихымен танысты.
Көрме экспозициясына музей мұрағатынан 40-тан астам фотосуреттер мен музейдің баспа өнімдері көпшілік назарына ұсынылса, бүгінгі күні 500-ге жуық көрермен құнды дүниелермен танысып үлгерді. Қорық-музейдің құрылғаннан бергі 39 жылдық тарихынан сыр шертетін тарихи фотолар көрермен көзайымына айналды.
Қорық-музейдің негізін қалаушы мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков есімімен байланысты.
Көрмеде 1978 жылы қорық-музейдің ашылу салтанатынан бірегей фотосуреттер, қоғам қайраткері Д.Қонаевтың Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келген сəттері, мекеменің тыныс- тіршілігі, өткен түрлі мəдени шаралардың көріністері орын алған.