
Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Кентау қаласы орталық мұражайынан кенші Сақ Мәуленқұлов атында бөлме ашылды. Ащысайтүстіметал комбинатының 90 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев бастаған зиялы қауымдар мен кенші ардагерлер, Сақ Мәуленқұлұлының замандастары қатысты. Алғы сөзді алған қала әкімі Кентау қаласының қалыптасуына елеулі еңбек еткен, комбинатты 17 жыл басқарып үлгі өнегелі істер жасаған облыстың құрметті азаматы марқұм Сақ Мәуленқұлұлын өскелең ұрпақ ұмытпай әрдайым жадыоарында сақтап, біліп жүрулеріне ықпал беретін бірден бір орын осы экспозициялық зал екенін атап өтті. Аталмыш залдың лентасын қала әкімі Әбдібақыт Тілләбайұлы мен комбинатта басшылық қызмет атқарған, бүгінде еліміздің жан — жақты кен өндіру салаларында қызмет атқарып жүрген, Кентау қаласының құрметті азамат Ж.Битімбаев қиды. Залға ағыла кірген қонақтар Сақ Мәуленқұлұлының қызмет бабында қолданған жиаздары мен естелік суреттерін тамашалады. Бұдан өзге Мәуленқұловтың еңбек жолындағы тарихи құжаттармен танысты.
Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен