
«Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұйымдастырған жарнамасы жалпақ жұртқа жария болған «Жақсылар дастан айтайын» жыршылар байқауында бас жүлде ОҚО түркістандықтарға бұйырыпты деген сөзді естігенде саладан саңылауы бар баршаның қуанышында шек болмады десек артық айтқандық болмас. Қуаныш бөліссе көбейеді демей ме атам қазақ. Бұл қағиданы бізде аттап кетпей, № 19 жалпы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Майра Назарбекова мен шәкірті Гүлжайна Елмұратованы бас жүлделерімен құттықтауға алтын ұя мектептеріне арнайы бардық.
«Бас жүлдені біздің мектетің ұстазы мен шәкірті алды дегенді естігенде қуанышым қойныма сыймады. Бұл өз кезегінде оқушылар мен ұстаздарға жаңа серпін берді. Мұны Елбасымыздың білім саласына деген қамқорлығы деп те айтуға болады. Сонымен қатар мектебімізде ауылдың да кітапханасына арнайы жай беріп, оқушыларымыздың білім алуларына барынша жағдай жасау ниетінде кітап қорын молынан ұстап отырмыз. Ауыз әдебиетіне қатысты көптеген көне кітаптарды біздің кітапхандан кездестіруге болады. Сол кітапханадан сусындаған шәкірттеріміз бен ұстаздарымыздың дайындықтары жоғары деңгейде болғанын мен осы кітап үйімен байланыстырамын. Сондай-ақ байқауды ұйымдастыру алқасына қазақы тәрбиені қайта оятуда жасаған еңбектері үшін шексіз алғыс айтамын»,- деді бізбен бірінші жолыққан мектеп директоры Алтынбек Момбеков.
Қазақы тәрбие демекші алғаш жүрекжарды қуанышын өзінен бұрын мектеп басшысына айтқызған ұстаз Майра Назарбекова қос шәкіртінің бірі Гүлжайна Елмұратова бас жүлде, екіншісі Назерке Нарзулла екінші орынды иеленгенін үлкен еңбек пен сол еңбекке қонған бақ екендігімен түсіндірді. «Байқау өте тұщымды, өте әсерлі болды. Жасыратыны жоқ өзім де ерекше әсер алдым. Қазақ ауыз әдебиетінің жарқын бір үлгілерін көрсетті бұл байқау. Қандай әсерде тұрғанымды әлі өзім де толық бағамдай алмай тұрғандаймын. Қазіргі таңда ешкім кітап оқымайды деген түсінік қалыптасқан. Ол кейде рас па деп қаласың. Алайда ол үшін не істеу керек дегенге деніміз бас қатыра бермейміз. Баланың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін бірінші кезекте батырлар жыры мен қиял ғажайып ертегілерді қызықтыра өту қажет. Міне, осы тұрғыда ұстаз шеберлігі мен еңбегі байқалады деп есептеймін. Абай Балажан ағамыз басқарып отырған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұйымдастырған бұл байқауы аймағымызда ауыз әдебиетіне деген серпілістің жаңа бетін ашты десем жаңылыспаймын. Сонымен қатар байқауға әйгілі Әдіһәм Шілтерхановты шақырып, бата бергізгені де үлкен көргендіктің белгісі болды. Сайысқа темір тұлпар тігіп, оның бағасын тіптен арттырып жіберді. Ең бастысы байқаудың әділ өткендігінде дер едім. Қазылар алқасында саланың сайыпқырандарынан молынан болуы біздің жасаған еңбектеріміздің әділ бағалануына жол ашты»- деп ағынан жарылды ұстаз. Ал бас жүлде иеленген Гүлжайна Елмұратова байқаудың қарапайымдылық пен ұлтжандылыққа баулуда берері мол болғанын, әлі де мектеп абыройы үшін еңбектене беретінін айта келе, мектеп ұжымы мен ұстазына, ата-анасына алғысының шексіз екенін жеткізді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК