
Ел үшін ерлік жасаған қарт жауынгерлердің қатары сиреп барады. Ордабасы ауданында сегіз соғыс ардагері болса, олардың бірі — Ынталыда тұратын ИСЛАМҰЛЫ Иманбай.
Иманбай ата 1926 жылдың 12 сәуірінде Ислам мен Дәрігүл Қойжегелдиевтердің отбасында дүниеге келген. Темірландағы 7 жылдық орта мектепті бітірген. Орынборда әскери борышын өтеген. 1944 жылы Новгородқа соғысқа аттанады. 1945 жылы Кеңес Одағы мен Моңғолия Қарулы Күштерінің Жапонияға қарсы жүргізген соғыс қимылдарына қатысқан. Амур өзенінің көпірін жарып, солдаттарды өткізген. Ерекше ерлікпен көзге түсіп, марапатталған. 1945 жылдың сәуір айында елге оралды. Кейіннен кеңшар тарағанша ел игілігіне еңбек етті. Соғысқа аттанарда ИСЛАМОВА Әлимаға үйленген. Арысбек, Ырысбек, Күмісбек, Айтбек, Мұратбек, Бөпеқыз, Ұлжалғас, Шымыркүл есімді ұл-қыздарды өсірді. Бүгінде 27 немере, 16 шөбере тәрбиелеуде. Медальдары әлі де сақтаулы. Жеңістің мерейтойларында да марапатталады екен. Біраз медалі жоғалған.
Тұйықтау ата екен, соғыс жайлы көп айтпады. Ерлігін айтпай-ақ біліп отырмын. «Қорықпадыңыз ба ата?» — деп сұрағанымда, жылап қоя берді. Әлі де көз алдында екен.
— Сендерге соғысты көрсетпесін. Орыстар мамалап, қазақтар апалап жауға қарсы шығады. Өлген адамдарды көру оңай емес, — деп терең күрсінді де әңгімесін тоқтатты.
Оңай емес… Ол қантөгісті көрмеген бізге қиыншылығын түсіну мүмкін емес шығар. Алайда, осы бейбіт өміріміздің себепкерінің бірі осы ата екенін ұмытпау керек.
Нұржамал ҚАЙРАТҚЫЗЫ.