Ауылдықтардың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы екені рас. Жайылымдағ төрт түліктің, сүтін, етін сатып нәпақасын айырып отырғандар бар. Алайда осы жайылымдағы төрт түлікке жаудай тиіп, жоқ қылып жіберетіндер-ақ ауылдағы ағайынды сансыратты. Мал ұрлығының алдын алу үшін ауқымды жұмыстар атқарылып та жатыр. Жуырда осы мал ұрлығын ұйымдастырумен айналысатын қарақшылар тобы құрықталды. Түркістан облысына қарасты Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, 1 бас жылқысының жайылымнан ұрланғаны бойынша шағым түсірген. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша тіркеуге алынды. Хабарлама алысымен сарыағаштық тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер суық қолдылардың ізіне түсу үшін шұғыл және жоспарланған әрекеттерді жүзеге асырды. Мал жайылымдарына шығып, тиянақты тексерулерді ұйымдастырды. Нәтижесінде полиция қызметкерлері күдікті ретінде Өзбекстан елінің азаматын ұстады. Тексеру кезінде күдікті жас жігіт өзімен бірге мал ұрлығымен айналысқан, яғни қылмысты ұйымдастырушы тағы 2 күдіктінің бар екенін айтты. Осыдан соң полицейлер қалған азаматтарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде оларды көп ұзамай қолға түсірді. Жалпы ұсталған азаматтардың екеуі Өзбекстан Республикасының азаматы болса, бір азамат жергілікті тұрғын болып шықты. Тиянақты тексеру мен зерделеу барысында осы ұсталғандардың 16 жайт мал ұрлығына қатысы бары анықталды. Ал мал иелеріне келген шығын көлемі 10 миллион теңгеден жоғары екені белгілі болды. Тексеру барысында анықталғандай, күдіктілер қылмыс жасау барысында сценарий бойынша жұмыс істеген, яғни өз рөлдерін алдын ала жоспар бойынша орындаған. Мәселен, басты күдікті мал жайылымында қараусыз жүрген жылқы, сиырларды байқаған бойда жүк көлігіне тиеп отырған. Содан сыбайласы екеуі ұрланған үй жануарларын сатып алушыларға, қасапшыға арзан бағада өткізген. Олар ұрлаған олжаларын «Газель» маркалы көлігімен тасымалдаған. Полиция қызметкерлері айғақты зат ретінде күдіктілерден «Газель» көлігі мен 2 бас жылқыны тәркілеп алды. Дәл қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.