Ауданда жоқ кәсіпті бастады Кәсіпкерлердің көбейгені жақсы. Тыңнан түрен салып, ерекше кәсіп бастағандар отандық өнімдер қатарын арттырады. Ал басқа салада нан тауып жүргендердің де экономикамызға қосар үлесі орасан. Өз ісін ашып, кәсібінің көрігін қыздырып отырғандардың қатары күн санап артып келеді. Мемлекеттің қолдауларды кәдесіне жарата алғандардың бүгінде асығы алшы. Өзгеге жұмыс істеп, өзгенің арманын жүзеге асыруға септесіп емес, өз арманын орындауға асық адамдардың қашанда айы оңынан туары анық. Кәсіпкерліктің сан тарау жолында сүрініп, жығылып, шығынға батса да қайта түлеген қырандай бойын тіктеп,кәсібін қайтадан жолға қойып алағандардың қатары қалың бүгінде. Мұқалмас жігер мен тайсалмас мінезбен бәрін жеңіп ақыр соңында кәсібін бір жүйеге келтіріп, бүгінде тасы өрге домалағандардың санында есеп жоқ. Кейіпкеріміз де қайтпас қайсар мінезді жан. Жаңа дүниемен айналысып, жетістікке жетуді қалаған Нұрсұлтан 2015 жылы Қызылорда облысынан Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданы, Бадам елді-мекеніне қоныс аударып, күнделікті күйбең тіршілікпен күн кешеді. Аграрлық білімі болса да білім алуға құштар жан киелі Түркістан шаһарында дене шынықтыру мамандығы бойынша толық оқу курсынан өтеді. Қолына дипломын алған соң табысы жоғары, қолайлы жұмыс орнын іздеп, біраз әуреге түскені бар. Одан нәтиже шықпаған соң жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгініп, алты ай бойы мектепте ұстаздық қызмет атқарды. Асып та кетпейтін, тасып та кетпейтін біркелкі жалақы, бәріне жетеді деп айтуға келіңкіремейді. Қосымша табыс табу қажет деген ойға тіреді. Еңбекқор Нұрсұлтан арада уақыт өтпей-ақ, «Бизнес бастау» жобасы жайлы естіп, зерттей бастады. Бизнес жоспар қажет екенін білді, оқу керек екенін білді. Аудан орталығында аса дами қоймаған салаға ден қою керек деп шешті. Өзінің бизнес-жоспарын жасап, жарнама орталығын ашу идеясымен демеушілердің көзіне түседі. «Мемлекет тарапынан ұсынып жатқан көмектер туралы 2017 жылы естіген болатынмын. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты ойлаған дүниемді аша алмай, қатты қиналдым. Өткен жылы сөнген үмітім қайта жанғандай болды. Бәсекелестерімнен ерекшеленіп тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасадым, тіпті күні-түні жобамның сәтті аяқталуы үшін көз ілмеген кездерім болды. Жаратушы еңбектің жемісін береді ғой. Бірнеше уақыттан кейін 575000 көлемінде грант ұтып алдым», – дейді ол. Біреулерге көп, біреулерге аз көрінетін соманы Нұрсұлтан орнымен жұмсады. Бизнесін бастауға аса қажетті компьютер сатып алып, кішігірім орталығын ашып, кәсібін бастап кетті. Қоныс тепкен елді-мекендерінде небәрі 700 шақты түтін болғанына қарамастан, жарнамалық орталықты іздеп келетіндердің қарасы қалың көрінеді. Себебі, бүгінде шалғай ауылда отырса да кәсіпкерлікпен айналысатындар көп. Олардың өнімінің өтімділігін өкіртетін жарнама қажет. Сондықтан да жарнаманы жандыратын Нұрсұлтанның көмегіне жүгінеді. Кейіпкеріміз сол үшін де кәсібін бастау жайлы бір тоқтамын жасап, байламға келеді. Орталықтары қызметін сапалы ұсынып, бірталай жетістікті бағындырып жатқандықтан, Нұрсұлтанның ісі алға басып, еңбегі жанып келеді. Әрине, ол әрекетке берекет берілетінін есінен шығарған жоқ. Жұмыссыздық атты белең алған мәселенің күрмеуін оңай шешіп, мемлекеттің арқасында табысқа кенеліп отыр. «Қандай да кәсіп бастау үшін отбасыңның демеуі маңызды роль атқарады. Бұл кәсіпті бастамас бұрын жанұяммен ақылдастым. Бүгінде әйелім де дизайн жұмыстарын жасауды еркін меңгеріп алды. Көмекшісі екеуі кішігірім орталықта бар жұмысты тындырып, келушілердің ұсыныстарын жүзеге асырып отыр. Бастапқы ниетіміз елге пайда тигізу болғандықтан, қызмет құнының бағасын қолжетімді етіп қойдық. Жарнамалық графиканың бір метр квадраты 2000 теңгеден басталады. Ал, келушілер постерлерді іліп беруге қосымша қаражат төлейді. Бірақ, бұл біздің талап емес, қызметкерлердің еңбегінің ақысы. Кәсіптің шығынын қоспағанда, әр айда 300 000 теңге пайда көреміз. Алдағы уақытта тапсырыс көбейіп жатса жұмыскерлер санын да қосу жоспарда бар» дейді жас кәсіпкер. Кәсіпті кез-келген саладан бастай беруге болады. Бірақ жаның қалаған жұмыспен айналысқанда ғана жетістікке жетесің дейді кейіпкеріміз. Кәсіп батаған соң қажетті құрылғыларға тағы да қосымша қаражатың болуы тиіс. Грант қаражаты кейде жетпей де қалуы мүмкін. Дегенмен мемлекетік бағдарламаның бұл да бір үлкен демеуі. «Бизнес бастау» бағдарламасы талай кәсіпкердің тұсауын кесті, бағын ашты. Қайтарымсыз қаражаттың өтеуін сезініп, адалдап кәсібін жасап жүр. Мемлекет жасаған қамқорлықты өздері өнім өндіріп қайтаруда. Елге пайдасын тигізуде. Жұмыссыздарды жұмысқа алып, ол мәселенің де түйінін тарқатып отыр. Кәсіпкерлердің басым бөлігі дән риза. Тек құрған бизнес жоспарды нақты қадамдар арқылы қорғап шығу қажет. Ойларыңыз өзге бәсекелестерге ұқсамаса, тіптен жақсы. Сонда ғана демеушілердің қолдауын алып, грант иеленесіз», – дейді ол. Еңбекқор кәсіпкер алдағы уақытта орталығын кеңейтіп, үшінші мегаполистен филиалдарын ашуды жоспарлап отыр. Компьютерлік қызметтің барлық түрін ұсынатын кейіпкеріміз мемлекеттің мүмкіндіктеріне дән риза. Бар жұмысты жүзеге асырып, көптің алғысына бөленіп жүрген ол, тәуекелге бел буып, кәсібін ашуды ұсынады. Еңбектің берекесі болатынын ұмытпаған абзал.