Түркі әлемінің ең маңызды мерекесі ҚОРҚЫТ БАБА МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР ФЕСТИВАЛЫ БАСТАЛДЫ Түркі әлемінің ғасырлар бойғы мәдени болмысының жеткізушісі және ортақ мұрасы Қорқыт баба Байбуртта халықаралық Қорқыт баба мәдениет және өнер фестивалімен тойлануда. 17-23 шілде аралығында 27-ші рет түркі әлемінің ортақ құндылығы Қорқыт бабаның бірегей мұрасы еске алынатын бұл фестивальге мыңдаған жергілікті және шетелдік қатысушылар жиналады. Ең көне түрік эпосы «Қорқыт баба кітабында» баяндалған түрік мәдениетінің маңызды символдарының бірі Қорқыт бабаның ерлік хикаялары әлі күнге дейін түрік тарихы мен мәдени өткеніне жарық түсіруде. Аңыз бойынша Қорқыт баба бейіті орналасқан Байбурт қаласында 1994 жылдан бері шілде айының үшінші аптасында атақты данышпанның қайталанбас мұрасына назар аудару мақсатында Халықаралық Қорқыт баба және өнер фестивалі өтеді. Әсіресе, түркі әлемінде қызығушылықпен тамашаланатын мереке Байбурттағы маңызды мәдени шаралардың бірі. Түркі әлемін біріктіретін фестивальдар Мерекелік шаралар дәстүр бойынша Масат ауылындағы Қорқыт баба бейітін зиярат етуден басталады. Қорқыт бабаның ЮНЕСКО-ның материалдық емес дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енуімен маңыздылығы арта түскен фестиваль барысында найза лақтыру ойындары, жергілікті тағамдардың тұсаукесері, сурет және қолөнер көрмелері, концерттер, фольклорлық қойылымдар, поэзия кештері, конференциялар мен панельдік пікірталастар сияқты көптеген әлеуметтік және мәдени шаралар өткізілуде. Түркі әлемін өз тарихымен және мәдениетімен таныстыру тұрғысынан әлеуметтік жауапкершіліктің маңызды бастамасы болып табылатын Қорқыт баба халықаралық мәдениет және өнер фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен және Түркі республикаларынан көптеген танымал есімдер, халық би ұжымдары, өнер қайраткерлері мен академиктер шақырылады. Биыл бір аптаға созылатын мерекелік шараларға 300 мыңға жуық жергілікті және шетелдік қатысушылар қатысады деп күтілуде. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан әңгімелер Түркі әлемінің «данышпан атасы» саналатын Деде Қорқыттың есімі мен афоризмдері түрік эпостары мен аңыздарында кездеседі. Түрік данышпанын бұл қиссалар мен түрлі әңгімелерде кейде «Қорқұт» немесе «Қорқұт ата» деп те атайды. Десе де, Деде Қорқыт түрік әдебиетінде оның атымен аталған хикаяларды айтушы ретінде танымал. Сонымен қатар түрік халық батырларының хикаяларын баяндайтын Деде Қорқыт хикаялары түрік тілі мен әдебиетінің маңызды туындыларының қатарында. Түріктердің өткен өмірінен маңызды мағлұмат беретін бұл хикаяларда түркі тайпаларының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, отбасылық, адамгершілік жолдары туралы да жан-жақты деректер бар. Әңгіме жазудағы мақсат – осы ақпаратты келешек ұрпаққа жеткізу деген пікір бар. Деде Қорқыт хикаяларымен бір тілден екінші тілге, ұрпақтан-ұрпаққа өткен құндылықтар түрік мәдени жадында әлі күнге дейін өзінің өміршеңдігін сақтап келеді. Әңгімелер өткен мен қазіргі арасындағы мәдени байланысты нығайтады, мәдени сабақтастықты қамтамасыз етеді және болашаққа тиесілілік пен сәйкестік ұғымдарын жеткізеді. Бұл тұрғыда түркітілдес елдерді біріктіруші фактор болып табылатын Деде Қорқыт мұрасы да 2018 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті тізіміне енді. Сурет: sondakika.com.tr