Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Аделя» шаруа қожалығының еліміздегі ең үлкен әрі заманауи жылыжай кешенінде болды. Ордабасы ауданы орналасқан «Аделя» шаруа қожалығы 2011 жылы құрылып, бастапқыда 5 га. алқапқа жылыжай кешенін салған еді. Өткен жылы бұл шаруашылық «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2200 млн. теңге көлемінде қайта қаржыландырылып, жылыжай көлемін қосымша 11 га. ұлғайтты, франциялық «Richel» компаниясының қондырғыларымен жабдықталды. Мұнда жылына 8,5 мың тонна көкөніс алынып, 160 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ шаруашылықта 72 га. алқапқа тамшылатып суғару әдісімен интенсивті 14 мың түп алма сорттары және 6 мың түп Исполин алқорысы егіліп, өнімдер алынуда.Қазақстан Президенті сондай-ақ облыстың кәсіпкерлерімен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен әңгімелесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық оң көрсеткіштерін атап өтті.
– Оңтүстік Қазақстан облысында агроөнеркәсіп кешені үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мемлекет ауыл шаруашылығын дамыту ісіне жан-жақты қолдау көрсетіп, қажетті қаражат бөлуде. Бес жылда өңірде 2,3 миллион тонна көкөніс өндірілді. Қазақстанда мұндай жоғары көрсеткіштері мен табиғи жағдайлары бар басқа өңір жоқ. Қазір біз Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарамызды ашып жатырмыз. Осыған байланысты бізге өзімізді ғана емес, көрші елдерді де өніммен қамтамасыз ету қажет, – деді Н.Назарбаев.
Сондай-ақ, Елбасы мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан қаржылардың қайтарымы жағынан Оңтүстіктің көш ілгері екенін атап өтті.Жүздесу барысында «ҚазҚұсБатареясы» ЖШС бас директоры Ә.Досболов, «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС директоры Т.Шыңтасов, «Қаршыға» шаруа қожалығының басшысы Қ.Ақтөреева сөз алып, шаруаларға мемлекет тарапынан бөлініп жатқан көмекке ризашылықтарын білдірді. Жалпы, Оңтүстік Қазақстанда жылыжай шаруашылықтарының көлемі 910 га. жетіп, еліміздегі көрсеткіштің 87 пайызын құрайды. Былтырғы жылы жылыжай шаруашылықтарында 150 мың тн. өнім жиналды. Өңірде қарқынды бау шаруашылығы 550 га. артты. Тамшылатып суару әдісімен егілген егістік көлемі 34 мың га. жетті. Бұл – республикадағы көрсеткіштің 84 пайызы.