Өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан оңтүстікқазақстандықтардың бір шоғыры Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында мемлекеттік деңгейдегі марапаттауларға ие болды. Ел үшін еткен еңбегі еленгендердің қатарында облыстық мәслихаттың депутаты Серікжан Сейітжанов та бар. Мерейтой қарсаңында «САУТС ОЙЛ» ЖШС-нің президенті ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Бір ғана саланың өркендеуіне үлес қосып қана қоймай, көптеген игі істерге мұрындық болып жүрген азаматтың бұл жетістігіне шын тілектестігін білдіріп, қуанышымен бөлісіп жатқандардың қатары қалың. Бұған дейін де елге сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет» орденімен, «Алтын жүрек» сыйлығымен марапатталған болатын. Еліміз үшін мәртебесі биік мерейтойда марапатқа ие болған атпал азаматтың алдағы соны жоспарлары да көп. Келер жылы облыс орталығынан Қазақ инновациялық университетін салмақ ниеті бар екен. Білім мен ғылымның өркендеуіне барынша қолдау білдіріп жүрген С.Сейітжановтың бұл жобасының да елімізге тигізер пайдасы мол болмақ. Болашақ жастардың қолында, демек білімді жастардың көп болуы үшін тер төгіп жүрген қайырымды азаматтың бұл еңбегі қандай мақтауыңызға да лайық.