Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні және Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай көптеген хаттар мен құттықтаулар келіп түсті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Нұрсұлтан Назарбаевтың атына шет елдердің мемлекет басшыларынан, өкілді органдардың депутаттарынан, шетелдік және қазақстандық мемлекеттік, қоғамдық және іскер ұйымдар жетекшілерінен, түрлі партиялардың басшылары мен мүшелерінен, зиялы қауым өкілдерінен, еліміздің шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларынан, сондай-ақ Қазақстанның, алыс-жақын шетел азаматтарынан көптеген хаттар келіп түсті. Құттықтауларда республикамыздың егемендік жылдарында қарқынды дамығаны, халықаралық аренадағы беделінің нығайғаны және халықтың әл—ауқатының артқаны, еліміздің айтарлықтай әлеуметтік—экономикалық табыстарға жету жолындағы Қазақстан Президентінің көрнекті рөлі атап өтілген. Хаттардың бірінде Н.Әмзеев республика Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай елордада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің сағатты мұнарасын тұрғызуды ұсынады. «Ағылшындарда Биг—Бен – Вестминстер сарайының сағатты мұнарасы, ресейліктерде Мәскеу Кремлінің Спасск мұнарасында сағат бар. Біздің де өзіміздің сағатымыз болар еді. Осылайша жер бетінде тағы бір бүкіләлемдік сағатты мұнара бой түзер еді», – дейді хат иесі.
Baq.kz