ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары барысында №1 Шымкент қалалық балалар ауруханасының жұмысымен танысты. Онда Үкімет басшысының орынбасары 270 орындық денсаулық сақтау нысанындағы ультрадыбыстық диагностика, интенсивті терапия, шағын ота жасау бөлімдерін аралап көрді. Аурухананың мәжіліс залында Үкіметтік делегация өңірдегі білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында облыстағы білім, денсаулық және мәдениет салаларында атқарылған жұмыстар туралы облыстық басқарма басшыларының қысқаша баяндамаларын тыңдады. Жиынды қорытындылаған Б.Сапарбаев өңірге берілген тапсырмалардың барлығы орындалғанына тоқталып, атқарылған жұмыстарды оң бағалады.
– Қандай да бір қаржы дағдарысына қарамастан облыстың экономикалық көрсеткіштері былтырғы жылмен салыстырғанда төмен емес. Облыста білім, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларында салынып жатқан ғимараттар да көп. Бұл туралы жаңа басқарма басшылары өз баяндамаларында атап өтті. Оңтүстікте халықтың көптігіне қарамастан әлеуметтік салада жасалып жатқан жұмыстар ауқымды деген Премьер-Министрінің орынбасары Оңтүстік Қазақстан облысының мен үшін орны бөлек, – деп атап өтті.
Сапар кезінде Б.Сапарбаев Шымкент қаласындағы 75 га аумаққа орын тепкен «Қазына» этно-тарихи кешеніне барып, ондағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументалды ескерткішпен танысып, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында болды.
ОҚО баспасөз қызметі