Бүгін Шымкент қаласындағы «Бес институттық реформа. 100 нақты қадам: Ақпараттық қамту және ілгерілету» атты аймақтық журналистер форумы өтті. Өңірлердегі бұқаралық ақпарат құралдарының басын қосқан бұл форумға «Ара.kz» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы сатира кеңесінің төрағасы Көпен Әмірбек, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шамшидин Паттеев, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы, «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының медиа директоры Қанат Әуесбайұлы, Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Жарқын Түсіпбекұлы сынды білікті журналистер Астана, Алматы, Қызылорда, Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстарынан қатысып, өз ойларын ортаға салды. Өңірлерден алғаш болып оңтүстікте бастау алған форумда тұщымды пікірлер ортаға салынды. «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп: «Бүгінгі форумға мұрындық болып отырған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілігіне, оның ішінде облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасына ризашылық білдіргім келеді. Өйткені, мұндай форум Астана, Алматы сынды республиканың ірі қалаларында қолға алынса, артықтық қылмайды. Бірақ Оңтүстік Қазақстан облысы бұл іске бірінші кезекте белсене кірісіп отыр» деді. Мұндай жиынның БАҚ жөнінен алдыңғы орыннан көрінетін оңтүстіктен бастау алуы заңдылық та сынды. Бүгінде облыста 236 бұқаралық ақпарат құралы бар. Олардың 175-сі газет болса, 37 журнал мен 12 телеарна, үш радио және тоғыз интернет ресурс жұмыс істейді. Ақпарат таратуда, халықтық пікір қалыптастыруда БАҚ өкілдерінің алар орны ерекше екені рас. Сондықтан да бүгінде білікті журналистер дайындау мәселесі өткір тұрғаны да назардан тыс қалған жоқ. Жиында бүгінгі күннің күйіп тұрған мәселелері талқыланды. Қаламы қарымды, аты белгілі журналистердің ортаға тастаған ойы да салмақты шықты. «Қазақстан» РТРК Жамбыл облыстық филиалының директоры Мейрамбек Төлепберген: «Бүгінде БАҚ теңесіп қалған интернеттегі әлеуметтік желілер қызу пікірталас алаңына айналғаны жасырын емес. Бірақ онда отырып пікір айтатындардың барлығы да данышпан емес. Олардың арасында болмашы нәрсені дауға айналдырып, өшпенділіктің отын өршітетіндер көп. Осы жағына аса сақ болуымыз қажет» деді. Елбасының бес институттық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамының 90-қадамында БАҚ-та, ғаламторда, әлеуметтік желілерде қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыруды ақпараттық қамту және ілгерілету туралы тапсырмасын орындау, жергілікті билік пен БАҚ арасындағы байланысты одан әрі нығайту, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен насихатталуда. Аталған жиын үш бөлімнен яғни «Ақпараттық қамту және ілгерілету», «Мәңгілік Ел қазақстандық біртектілік идеяларын жүзеге асыру», «БАҚ-ғы, интернеттегі бұқаралық ақпараттың жаңа буындарын қалыптастыру» тақырыптарында өтті. Астана мен Алматы сынды ірі қалаларда өтуі тиіс мұндай келелі кеңестің оңтүстіктен бастау алып жатқанын тілге тиек еткен қонақтар ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы Берік Құрманғалиға алғыс айтты.