
фото ШӨКҚ
Жыл соңына дейін халық пен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілері үшін тарифтердің өсуі күтілмейді.
Кеңес инфляцияны тежеуге арналды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірлік тұрақтандыру қорларына жаңа өнімді жеткізуге келісімшарт жасау барысын және «Инвестицияға айырбасталған тариф» бағдарламасының іске асырылуын тыңдады.
«Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаевтың айтуынша, биылға жоспарланған коммуналдық тарифтердің барлық көтерілуі аяқталды, табиғи монополиялар субъектілерінен жаңа өтінімдер түскен жоқ. Осылайша, жыл соңына дейін халық пен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өндірушілеріне арналған жеңілдетілген тариф саясаты сақталып, тарифтердің өсуі күтілмейді. Бұл ақылы қызметтердің қымбаттауының инфляцияға әсерін төмендетуге мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Үкіметте өңірлерде жаңа өнімге келісімшарт жасасу жұмыстары жедел қарқынмен жүріп жатқаны баяндалды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүрековтің мәліметінше, картоп, пияз, сәбіз және қырыққабат жеткізуге жасалған келісімшарттар 2025–2026 жылдар маусымына халықтың қажеттілігінің 50 пайызын қамтамасыз етіп отыр.
«Мәселен, Атырау, Алматы облыстары мен Астанада пиязға деген сұраныс толық жабылды. Қарағанды, Түркістан, Абай, Ақмола облыстарында және Алматы қаласында белсенді жұмыс жалғасуда. Ал Ақтөбе облысында барлық көкөніс түрі бойынша келісімшарт жасау деңгейі төмен», – деп хабарлады Үкімет.
Бақылауды күшейту үшін Серік Жұманғарин өңірлерге шығып, тұрақтандыру қорларындағы көлем мен қорлардың болуын тексеретін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.
Еске сала кетсек, Қазақстанда 1 тамыздан бастап электр энергиясына тарифтер өсті. Жаңа шекті тарифтер энергетика министрінің міндетін атқарушы 29 шілдеде қол қойған «Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес белгіленген болатын.