Ораза айт мерекесінде шардаралық тағы бір отбасы үйлі болды. Қауысбек Тұрысбеков ауылындағы мешітте айт намазы оқылып болған соң, көпшілік сауапты тірлікке куә болды. Ауыл имамы Смат Әбдірамановтың хабарлағанындай ауылдан құрылған «Шағалалы Шардара» қайырымдылық қоры мен мешіт жамағаты бірлесе отырып, үш балалы жалғызбасты ана Меруерт Сағадиеваға үш бөлмелі пәтердің кілтін сыйлады.
Айт намазына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев:
– Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Алтын ұям» кіші жобасы аясында бүгінгі қасиетті айт намазы күні ауыл мешітінің жамағаты мен «Шағалалы Шардара» қайырымдылық қорының демеушілігі арқасында осы ауылдың тұрғыны Меруерт Сағадиева бауырымызға жаңа үйдің кілтін тапсырып жатыр. Демеушілік жасап отырған азаматтарға, «Шағалалы Шардара» қайырымдылық қорының ұйымдастырушыларына көпшілік атынан алғысымды айтамыз, сіздерге Алла разы болсын, — деді.
Аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков тұрғындарды айт мерекесімен құттықтап, сауапты тірлік жасаған азаматтарға алғыс айтты.
Үш бөлмелі баспанаға ие болған Меруерттің 3 ұлы бар, біреуі Нұр-Сұлтан қаласында медициналық колледжде грантпен оқыса, екіншісі қаламыздағы №16 колледжде дәнекерлеуші мамандығында оқиды. Кенжесі Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің 8 сыныбын тәмамдады. Демеушілер сатып әперген үйдің лентасы қиылып, шашу шашылып болған соң ауыл ақсақалдары бата берді. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Қуанышбайұлы аудан әкімінің атынан баспаналы болған отбасыға сыйлық табыстаса, ауыл имамы Смат Әбдіраманов та мешіт ұжымының атынан көрімдік берді.
Айта кетейік, соңғы бірер айда осыған дейін аудан бойынша көпбалалы үш отбасыға аудан әкімдігі және демеушілер есебінен баспана берілген болатын. Мұндай игі тірліктер алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі.