БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ АВТОМАТТАНДЫРЫЛЫП ЖАТЫР
Елдің ертеңгі өресі биік, дүниетанымы кең, кемел ойлы азаматтарын өсіру үшін бүгінгі ұрпаққа ұлттық рухани қазынаны, әлемдік озық ой-пікірлермен ұштастырған сапалы білім мен саналы тәрбие беру қажет. Бұл бағытта Жетісай аудандық білім бөлімінде атқарылып отырған игілікті істер аз емес.
Негізгі мақсаты – білім беру жүйесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу арқылы оқыту үрдісін жетілдіру, оқушының танымдық қабілетін дамыта отырып, білімді жеке тұлғаға бағыттау арқылы өзін-өзі таныған «мендік» пікірі қалыптасқан оқушы тәрбиелеу болып табылатын Жетісай аудандық білім бөлімі мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына жолдама беру және кезекке қоюды автоматтандыру мақсатында balabagsha.snation.kz жүйесін, ал, 70 мектепте білім беру ұйымдарына құжаттарды оқуға қабылдау мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру мақсатында mektep.snation.kz жүйесі енгізілген.
«Еліміз әлемдегі алғашқы отыздықтың қатарына енуді мақсат етіп отырған тұста білім жүйесімен де жоғары деңгейден көрінуіміз қажет. Ал, шәкірттердің терең білім алуына кеңінен сапалы жағдай жасау, ұстаздар қауымынан біліктілікті, мол дайындықты талап етері анық. «ХХІ ғасыр білікті, білімді, бәсекеге қабілетті жастардікі» деген Елбасы сөзін берік ұстанған жетісайлық мұғалімдерде оқушының өзін-өзі тұлға ретінде көрсете алуы үшін білімді қаншалықты игергеніне емес, игерген білімді тиімді қолдана алуын басты назарда ұстау қалыптасқан» дейді Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев.
Сонымен қатар, аудандағы барлық мектептерде педагогтар арасында сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу мақсатында jumys.snation.kz жүйесі қолданысқа енгізілген. Бұл жүйе арқылы жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтарын жұмысқа қабылдау және мектеп директорларын конкурстық тағайындау автоматты түрде жүзеге асып келеді.
Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі