Оңтүстік Қазақстан облысы бүгінде халқының саны жағынан да, экономикасының өсіп, өркендеуі жағынан да көш бастап тұр. Әсіресе индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша да алдыңғы лекте. Бұл туралы бүгін аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс басшысы ашып айтты. Бүгінде өңірде 164 жоба іске асуда. Өңір басшысы Бейбіт Атамқұлов дамыған батыс елдеріндегі зауыт, фабрикалардан қалыспайтын, заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орындары өзімізде де бар екенін мақтанышпен жеткізді. Аталмыш жобалардың ішінде «Азала текстиль», «Әлем — ВТ», «Карлскрона» және «Хилл корпорашейн» мен Кентау трансформатор зауыттарының өнімдері бүгінде импорт өнімдерден еш қалыспайтынын да айта өтті. Сапасы өте жоғары болғандықтан осы өндіріс орындарының өндірген өнімдерін тұтынатынын да жасырмады. Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарының Оңтүстікте орындалу барысы да нәтижелі. Бес бағыт бойынша атқарылған ауқымды тірліктер ауыз толтырып айтарлықтай. Баса назар аударарлық жағдай өңірдің экономикалық өсімі көңіл көншітерліктей. Инвестиция тарту жағынан да ілгерілеушілік бар. Нәтижесінде күнгейде шетел инвесторларының қатысуымен 24 жоба іске асқан. Өткен жылы инвестиция көлемі 416 миллиард теңгені құраған. Ал сыртқы инвестиция 48,3 миллиардтан асса, шетелдік инвесторлардың қатысуымен құны 2 миллиард АҚШ долларынан асатын 24 жоба жүзеге асырылған. Бүгінде кілем, жіп, мата шығаратын өндіріс орындарының барлығы да мақта шаруашылығына тәуелді екені аян. Алдағы уақытта тоқыма кластерін дамыту аса қажет. Бүгінгі күні шитті мақтаның 35 пайызын өңдейтін өңір келешекте одан да өнімді жұмыс істеуге мүдделі. 2020 жылға дейін шитті мақтаның 90 пайызын облыстағы кәсіпорындармен өңдеу жоспарланған. Одан бөлек шитті мақтаны 54 пайызға өсіру да алға қойған ауқымды мақсаттардың бірі. Мақта шаруашылығын дамыту өз нәтижесін берген жағдайда оның өнімін тұтынатын фабрикалар өңірде бар. Шикізатты шетелден тасымай-ақ өзімізде өндіріп, кәдеге жарататын боламыз. Бұл дегеніңіз әрине өндірілген өнімнің өзіндік құны арзандайды деген сөз. Тұтынушы да риза, өнім өндіруші де риза болатындай уақыт алыс емес. Өңірде жүзеге асырылып жатқан жобаларды тізбектей келген облыс әкімі өсім бар екенін, алға ілгерілеушілік басым екенін де тілге тиек етті. Уақыттың тығыздығына қарамастан өзін қоршап алған журналистердің қай сұрағына да мүдірмей жауап берді. Облыс басшысының қарапайымдылығына тәнті болған қалам ұстаған қауым ризашылықпен тарқасты.