Бүлікке қатысы бар деп айыпталған Қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов алғаш рет өзінің Instagram желісінде Қазақстанда көрген азаптаулары жайында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Музыканттың айтуынша теледидардағы көрсетілген бейнежазба болмаса, оның қайда жүргенін, қандай жағдайда қалғанын ешкім біле алмайтын еді. “Мен журналисттерге Қырғызстанда жұмысымның бар екенін айттым. Маған ешкімнің сенбейтінін жеткізсем де олар көптеген кінәсіз тұтқындалғандардың арасынан мені таңдап алып, сценарий бойынша камера алдында сөйлеуге мәжбүрледі. Дәрігерлердің айтуынша жағдай жалғаса берсе өмір сүруіме аз ғана уақыт қалар еді. Өйткені қабырғаларым сынған. Соның әсерінен өкпем зақымданған, тағы бір-екі соққы алсам, жүрекке әсер ететін еді”,-деп жазды музыкант. Рузахунов өзінің тұтқыннан босатылып, Қырғызстанға қайтуына көмектескен жандардың барлығына алғыс айтты. Сонымен қатар ол жауап алу мен азаптау кезінде музыкантпын деп қанша айғайласа да Қазақстандық құқық қорғау органдары оның жеке басын тексермегенін жеткізді. Қаңтар оқиғасы кезінде күдікті деп он Қырғызстандық ұсталып, екеуі қаза тапқан болатын. Викрам Рузахуновтың жарақат алған түрімен бүлікке қатысы барын мойындап жатқан бейнежазбасын теледидардан көрсеткен соң, Қырғызстандықтар өз азаматын танып, босатылуына себеп болған. Викрам өзіне сұхбат беруге тыйым салынғанын айтып, бұл ресми мәлімдемелерін Қазақстандағы жазықсыз тұтқындар үшін жазғанын жеткізді. Қырғыз музыканты қазір елінде.