Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің баспасөз хатшысы Жанжігіт Омархан еліміздегі автонесиенің жаңа бағдарламасын таныстырды. Оның айтуынша, әзірге нақты шешім жоқ, дегенмен мемлекет 2 нұсқаны қарастырып жатыр, деп хабарлайды Экспресс К. Бірінші нұсқаға сәйкес, жеңілдікпен берілетін несиеге 4 жыл ішінде 150 миллиард теңге бөлінбек. Бірінші жылға 30 миллиард теңге бөлу қарастырылған. Несие беру шарттарын 2015 жылдан бері бар ескі бағдарламалармен қалдыру ұсынылады. Екінші нұсқаға сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтарына ешқандай бастапқы жарнасыз несие беру қарастырылып жатыр. Бұл бағдарламаға ақша «ӨКМ (РОП) операторы» компаниясында жинақталған қаражат пайдалынылмақ. Бұл шамамен 100 миллиард теңге. Бір адамға берілетін несие шегін 7 млн теңге қылу бастамасы талқыланып жатыр. Бұл ұсыныс қабылдана ма, жоқ па, ол жағы экономикалық тиімділігі мен мақсатына байланысты айқындалады. Қалай болғанда да, 2 нұсқа да қазіргі уақытта межесіне жеткен жоқ, — деп жазды министрлік өкілі. Оның айтуынша, нақты шешімдер туралы айтуға әлі ерте. Дегенмен, жеңілдікпен берілетін автонесиенің жаңа бағдарламасы 2022 жылы, яғни барлық құжат мәселесі мен заң процестері аяқталған кезде іске қосылады.