Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Алихан Байменов Qasqa Jol жобасына сұхбат беріп, «Қаңтар қырғыны» зардаптары, Нұрсұлтан Назарбаев құрған саяси жүйе туралы айтты. Сұхбат барысында зейнетақы қорындағы қаражат туралы айтылды. Байменов министр қызметін атқарып жүргендегі оқиғаны еске алды, деп хабарлайды orda.kz. – Министр болған кезде мен зерттеп келіп, президентке зейнетақы қорының 10 пайызға жеткіліксіз екенін айтттым. Үш деңгейлі әлеуметтік қорғау жүйесін дайындадық. Ол кісі «Өзім де қол қоярда қатты ойланғанмын, бірақ сол кезде дүниежүзілік банктің қарыздарын алуымыз керек болды. Министр ретінде әзір бұқараға айтпа» деді. Өзім көрген адамдардың ішінде, ешкімнің ала жібін аттамаған Петр Иванович Крипак деген министр болды. Мен соның орынбасары болдым. Ол кісінің ұстанымынан жұмысты таза істейтіні көрініп тұрады. Назарбаев ұрыларға есік ашып бермесе де, оларға көз жұмып қарады деуге болады, – деді Байменов. Сондай-ақ, өзінің Нұрсұлтан Назарбаевқа қызмет еткендер қатарына жатпайтынын айтты. – Мен енді Назарбаев режиміне қалтқысыз қызмет еткендер қатарына жатпаймын деп ойлаймын. Себебі, мен екі рет өз еркіммен биік лауазымынан кеттім. 2005 жыл марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы «маған қауіп төніп тұр» деді. Сол күні кешке мені Әбіләзовпен, басқа азаматтармен өзіне қарайтын типографияның ішінде кездестірді. Сосын мен оларға қосылатынымды мәлімдедім, – деді ол.