Қылмыстық қудалау саласында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселесі қаралды Түркістан облысының прокуроры кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, оларды қылмыстық қудалау шеңберіне заңсыз тарту фактілеріне жол бермеу мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өткізді. Құқық қорғау органдарының есептері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және адвокаттық қоғамдастық өкілдерінің пікірлері тыңдалды. Кеңес қорытындысы бойынша бизнес қауымдастыққа қатысты СДТБТ-де тіркелудің әрбір фактісін қадағалаудың нақты әдістері әзірленіп, тиісті ұсынымдар берілді. Жалпы, жыл басынан бері мобильді топтарға кәсіпкерлерден 48 шағым түсіп, прокурорлық қадағалаудың 39 актісі енгізілді. 13,7 мыңнан астам кәсіпкердің құқықтары қорғалды, 21 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 103,2 млн.теңге айыппұл сомасына 5 мыңға жуық әкімшілік іс тоқтатылды, мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары жүргізген 18 заңсыз тексеру анықталды. Сондай-ақ, Түркістан облысы прокуратурасы Президент тапсырмасын орындау мақсатында бизнес субъектілеріне қатысты қылмыстық қудалау органдарының өндірісіндегі, сондай-ақ процестік шешімдер қабылданған қылмыстық істердің заңдылығын зерделеп, құқыққа сыйымсыз өрескел заң бұзушылықтарға жол берілгенін анықтады. Сол себепті, заңсыз басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері ақталатын негіздермен тоқтатылып, олардың құқықтары қалпына келтірілді. Осыған орай, облыс прокуратурасы орын алған заң бұзушылықтарға жол берген лауазым иелеріне қатысты құжаттарды сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне Қылмыстық кодексінің 362-бабының 1-бөлігімен тіркеп, заңды процестік шешім қабылдауды құзырлы органдарға тапсырды. Түркістан облысының прокуратурасы