Қоғамда әскери қызметтің беделін арттыру мәселесі назардан тыс қалған емес. Мектеп қабырғасында патриоттық тәрбие беру жүйелі жүзеге асырылуда. Соның арқасында әскери қызметке деген жастардың қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Әскери салада қызмет еткісі келетін жастардың дені Отан алдындағы борышын өтеуді басты парызы санайды. Жуырда Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Бейнеу гарнизондарында осы жылдың көктемінде Қарулы күштер қатарына шақырылған 500-ден астам әскери қызметші Отан алдындағы борышына адал болуға салтанатты түрде ант берді. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас жауынгерлерді құттықтауға туыстары мен жақындары келді. Құрметті қонақтар ретінде ант беру рәсіміне мәслихат депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және Қарулы күштердің ардагерлері шақырылды. Соңғы екі жылда санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерге байланысты мұндай ауқымды шаралар жүргізілмегенін атап өткен жөн. Түркістан облысынан арнайы келген ата-ана ұлдарының әскери өмірге шыңдалып, шынығып, төселгенін көріп қуанып қалғандарын айтуда. Теңіз жаяу әскерінің құрамасында қызмет етіп жатқан ұлдарын мақтан тұтатындарын жеткізді. Саптық алаңда ант сөздері нақты және анық естіліп жатты. Кеудесіне автомат асынған әр сарбаз тәуелсіздік пен аумақтың тұтастық жолында Отан қорғаудың жауапты қызмет екенін түсінеді. Әскери бөлімдердің басшылығы сарбаздардың туыстары мен жақындары үшін әскери бөлімге, казармалар мен оқу сыныптарына экскурсия ұйымдастырды. Оларға бір жыл бойы сарбаздар үйренетін, жаттығатын орындар және тұратын жерлері, қару-жарақ пен әскери техника көрсетілді. Шара соңы жас сарбаздардың көрсетілім сабақтарымен аяқталды. Бір ай ішінде олар қарумен саптық дайындықты, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгерді және өз шеберліктерін келген қонақтарға мақтанышпен көрсетті.