Жыл басынан бері екінші рет ұйымдастырылған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Сауран ауданы тұрғындарымен кездесуі ашық форматта өтті. Онда өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндаған облыс басшысы алдағы жоспармен де бөлісті. Тұрғындар өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Кездесу әлеуметтік желілерде және Түркістан облысы әкімдігінің ресми платформасында тікелей эфирде көрсетілді. Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жыл басынан бері 200-ден астам кездесу өткізген. Халықпен кездесу кезінде 1000-нан астам мәселе көтерілген. Халықты толғандырған жалпыға ортақ мәселелердің басым бөлігі жүзеге асты. Кей мәселелерді шешуге уақыт қажет. Заң аясында бюджеттен қаржы бөліп, қарастыру үшін. Сәуір айында өткен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің саурандықтармен кездесуінде 30-ға жуық маңызды мәселе көтерілген болатын. Соның тең жартысы жүзеге асты. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Сауран ауданын дамыту мәселесі назарда тұр. Қысқа уақытта біраз жұмыс атқарылды. Жоспарлар да көп. Сәуір айында өздеріңізбен жүздескен кезде Ескі Иқан ауылдық округі тұрғындары тарапынан ағын су бағасының жоғарылығы жөнінде мәселе көтерілген еді. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы тауар өнідірушілердің егістік алқаптарына қажетті ағын судың тарифтік бағасы 251 теңге болып белгіленді. Бұрынғы тариф – 787 теңге болған. 11 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 4 елді мекен газға қосылды. Қалған 7 елді мекен «Ескі Иқан» АГТС арқылы газ тұтынады. Бүгінгі күнге АГТС-ін метрологиялық атесттациядан өткізу жұмыстары жүргізілуде. Тамыз айында АГТС-ті іске қосу жоспарланған. Содан кейін 7 елді мекен кезең-кезеңімен табиғи газға қосылатын болады. Сауран ауданындағы облыстық маңызы бар «Ынталы» автомобиль жолы жөнделуде. Маңызды жолды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген. Жалпы әлеуметтік-инфрақұрылымдық мәселелер жүйелі түрде кезең-кезеңімен шешіледі, – деді саурандықтармен кездескен Өмірзақ Шөкеев. Кездесуде тұрғындар тарапынан жол, инфрақұрылым, спорт нысанын салу, өрт сөндіру бекетін ашу және өзге де сұрақтар қойылып, өтініштер айтылды. Одан кейін өңір басшысы тұрғындарды жеке қабылдады. Сауран ауданы алып құрылыс алаңына айналды. Аудан орталығында мемлекеттік органдардың 5 әкімшілік ғимараты бой көтереді. Бұған республикалық және облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Жергілікті бюджет есебінен 3 мектептің құрылысына 1 млрд. теңге қаралды. Шорнақ ауыл округі, Қосмезгіл елді мекеніндегі 300 орындық мектептің құрылысы аяқталып, биыл пайдалануға беріледі. Білім ұялары Оранғай мен Ибата елді мекенінде салынып жатыр. Шорнақ елді мекеніне ауыз су, кәріз жүйесі мен электр желілерімен жабдықтауға арналған инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстарына жергілікті бюджеттен 25 млн. теңге бөлінді (құны 2,5 млрд. теңге). Аудан орталығын ауыз су жүйелерімен қамту жұмыстарына Ұлттық қордан қаражат бөлінді. Нысандар жыл қорытындысымен пайдалануға беріледі. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2 елді мекенде 7 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Бабайқорған елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасы салынуда. Және Шорнақ елді мекенінде ұзындығы 20 шақырымға жуық 20 көше жарықтандырылып, асфальт төселеді. Бұдан бөлек Сауран ауданын абаттандыруға, желілік саябақ пен балалар алаңы мен футбол алаңшасын салуға 530 млн. теңге қаралды. Автомобиль жолдары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Кездесуден кейін Өмірзақ Шөкеев Шорнақ ауылында салынып жатқан әкімшілік және өзге де ғимарат құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Жауапты басшыларға құрылысты сапалы жүргізуді тапсырды.