ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Атырау облысына жұмыс сапары аясында Теңіз кен орнында болды. Министр Қазақстандағы ең ірі Келешекте кеңейту жобасының – Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасының (ККЖ-ҰЕҚБЖ) іске асырылу барысымен танысып, Теңізшевройл басшылығын жобаны іске асыру кестесінен ауытқымауға шақырды. Қазіргі уақытта ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасы 93% – ға аяқталды. Қалған барлық жұмыстар Теңізге шоғырланған. Жаздың басында кен орны операторы – «Теңізшевройл» ЖШС-ның (ТШО) барлық зауыттарын біріктіретін, сенімділігін арттыратын және өндірістік көрсеткіштерді оңтайландыратын Өндірісті бірегей басқару орталығы (ӨББО) іске қосылды. 2022 жылғы шілдеден бастап ККЖ-ҰЕҚБЖ шеңберінде салынуы жоспарланған төрт қондырғының төртіншісі болып табылатын жаңа өлшеу қондырғысы мұнай қабылдай бастады. Сондай-ақ екінші тоқсанда қысымды ұлғайту қондырғысына қуат беретін кіші электр станциясына кернеу берілді. ҚР Энергетика министрі ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасының сәтті іске қосылуы ТШО-дан Қазақстан бюджетіне түсетін түсімдерді едәуір арттыратынын атап өтті. Бұл ретте 2022 жылдың алты айында ғана ТШО ел экономикасына бес жыл ішіндегі рекордтық 7,5 миллиард АҚШ долларын бағыттады. «Бүгіндегі сын-қатерлерге қарамастан, жобаны іске асыру кестесін ұстану маңызды. Бұдан басқа, қазақстандық өндірушілер мен отандық қызметкерлердің әл-ауқатын қамтамасыз ете отырып, қазақстандық қамтуды дамытуға ерекше назар аударуды жалғастыру қажет», – деді Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Болат Ақшолақов Теңізшевройл басшылығымен кездесу шеңберінде. ККЖ-ҰЕҚБЖ іске асырыла бастағаннан бері ТШО 14,2 миллиард АҚШ долларынан астам сомаға қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алды, сондай-ақ 25 мыңнан астам адамды оқытты. Бұған дейін, жобаның 408 модулін Теңізге жеткізу үшін ТШО теңіз тасымалының үш жылдық бағдарламасын іске қосқан болатын, оның барысында қазақстандық компанияның пайдалануында 126-дан астам кеме болған, оның 40-ы жаңадан салынған немесе осы жоба үшін арнайы айтарлықтай өзгертілген. Сондай–ақ Каспий теңізі арқылы тасымалдауды дамытуды қолдау мақсатында халықаралық деңгейдегі кәсіби теңізшілерді даярлайтын Қазақстандағы жалғыз оқу орны – ҚБТУ жанындағы Қазақстандық теңіз академиясы (ҚТА) іске қосылды. Сонымен қатар, модульдік жүктерді қабылдау және одан әрі тасымалдау үшін Теңіз кен орнының шекарасынан шамамен 40 км жерде орналасқан Прорва түбегінде салынған Жүктерді тасымалдаудың жаңа бағыты (ЖТБ) да ККЖ-ҰЕҚБЖ мұрасы болып табылады. ЖТБ ұзындығы 76 км теңіз кірме арнасынан, жүктерді түсіруге және сақтауға арналған құрылыстардан және кірме жолдан тұрады. Министр сондай-ақ ККЖ-ҰЕҚБЖ-ға тартылған ТШО мердігер компанияларының мыңдаған жұмысшыларын алдағы уақытта босату шеңберінде мониторинг жүргізу және тығыз өзара іс-қимыл жасау қажеттігін атап өтті. Бұған дейін хабарланғандай, ТШО Атырау облысы әкімдігімен, Энергетика министрлігімен және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, атқарған жұмыстардың аяқталуына қарай қызметкерлерді босату процесіне мониторинг жүргізуде.