«Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық бірлестігі Орталық сайлау комиссиясы таратқан ашық ақпаратқа сүйене отырып, ҚР Президенттігіне үміткерлердің талапқа сәйкестігін бағалау процесіне түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 20 қарашаға жоспарланған кезектен тыс президент сайлауына 12 үміткер ұсынылғанын бұған дейін де жазған едік. Орталық сайлау комиссиясы солардың сегізін ғана келесі кезеңге өткізгені де баршаға мәлім. Олардың тізімін тағы бір еске салып кетейік. 1. Жигули Дайрабаев — «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы; 2. Қасым-Жомарт Тоқаев – саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің халықтық коалициясы; 3. Нұрлан Әуесбаев – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы; 4. Мейрам Қажыкен – «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі; 5. Қарақат Әбден – «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі; 6. Талғат Ерғалиев — «Қазақстан құрылысшылар одағы» республикалық заңды тұлғалар бірлестігі; 7. Салтанат Тұрсынбекова – «Қазақ аналары — дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі; 8. Нұржан Әлтаев – «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігі; 9. Жұматай Әлиев – «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі; 10. Хайрулла Ғабжалилов — «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі; 11. Бақыт Жаңабаев – «Қазақстандық Футбол Әуескерлері Лигасы» қоғамдық бірлестігі; 12. Фатима Бизақова — «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігі. Бұлардың 8-і Орталық сайлау комиссиясының ұйғарымы бойынша сайлау туралы заңнама талаптарына сай деп танылған болатын. Атап айтсақ, Жигули Дайрабаев, Қасым-Жомарт Тоқаев, Нұрлан Әуесбаев, Қарақат Әбден, Мейрам Қажыкен, Салтанат Тұрсынбекова, Жұматай Әлиев пен Бақыт Жаңабаев Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында қойылатын талаптарға сәйкес екендігі туралы қаулылар қабылданды. Ал Хайрулла Ғабжалилов пен Талғат Ерғалиевтің, Фатима Бизақованың Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында қойылатын талаптарға сәйкес еместігі ресми мәлім етілді. «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық бірлестігінің өкілдері Орталық сайлау комиссиясының бұл шешімі заң талаптарына сай екенін айтып отыр. Атап айтсақ: 1. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, Хайрулла Ғабжалилов туғаннан Қазақстан Республикасының азаматы емес. Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, Хайрулла Габжалиловтың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда еңбек өтілі жоқ. Осыларды ескеріп, ОСК мүшелері оның құжаттарын кері қайтаруға бірауыздан дауыс берген көрінеді. 2. Орталық сайлау комиссиясының Талғат Ерғалиевке де құжаттарын қайтарып беруіне осыған ұқсас себеп негіз болған. Оның мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі тек үш жыл төрт ай екені айтылып отыр. Бұл тіркеуден бас тартуға негіз болып саналады. Өйткені президенттікке кандидаттарға қойылатын талап бойынша, мемлекеттік қызметте кемінде бес жыл тәжірибесі болуы керек. Оның үстіне Талғат Ерғалиевті президенттікке ұсынған «Қазақстан құрылысшылар одағы» – заңды тұлғалардың республикалық бірлестігі. Ал «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 55-бабы 1-тармағының талаптары бойынша, Президенттікке үміткерді республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсынуға құқылы. 3. Фатима Бизақованың да мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда қажетті мөлшерде өтілі жоқ деген мәлімет тіркелген. Осыған байланысты ОСК оны да президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан. Осының бәрін алға тартқан «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық бірлестігінің өкілдері Орталық сайлау комиссиясының қорытындыларын негізді және Конституция мен қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес деп тауып отыр. Қазақстан заңгерлер одағы Нұржан Әлтаевтың төңірегіндегі дауға толық түсініктеме беру үшін оның ОСК-ға өткізген құжаттарын көру керек деп отыр. Бұған дейін «Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігі жоғары органының Нұржан Әлтаевты президенттікке кандидат етіп ұсынғанын теріске шығаратын даулы мәліметтер тарап, іс сотқа жеткен болатын. Азаматтық іс жүргізу кодексінің 21-бабы бойынша, ОСК сот актісін орындау үшін президенттікке кандидат Нұржан Әлтаевты тіркеуді тоқтатты. Заңгерлер одағы осыны алға тартып, Орталық сайлау комиссиясының бұл шешімі де негізді әрі заңды деп бағалаған. Заңгерлер Нұржан Әлтаевтың сайлау науқанының келесі кезеңіне өтуі енді сот тәртібімен ғана шешілетінін айтып отыр. Еске салсақ, президентікке үміткерлер Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында қойылатын талаптарға сәйкес болса ғана, сайлау науқанының келесі кезеңіне жіберілеуі керек еді. Ол талаптар мынандай: — тумысынан Республика азаматы болуға тиіс; — ҚР аумағында соңғы он бес жыл бойы тұруға тиіс; — жоғары білім; — қырық жасқа толған; — белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс; — мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға тиіс; — мемлекеттік тілді еркін меңгеруi тиіс. Жалпы, үміткер ұсынуға ұзын саны 19 күн берілсе, олардың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтауға 29 күн көзделген, яғни бұл шара 21 қазанға дейін жалғасады. Осы аралықта сайлау заңнамасына сай толық іріктелген кандидаттар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде үштен екісінің атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылар санының кем дегенде 1% қолын жинау қажет. 1 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы сайлаушыларының тізіліміне дауыс беру құқығы бар 11 827 277 азаматты енгізген. Осылайша, әр кандидатты қолдау үшін сайлаушылардың 118 273 сенім қолы жиналуы керек. Ол жиналған қолдардың дұрыстығы да 21 қазанға дейін тексеріліп бітуі керек.