Президенттікке үміткер Қарақат Әбден Абай облысының жұртшылығымен кездесті. Еліміздің тарихи орталығына қадам басқан үміткер алдымен Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ұлы ақынның рухына тағзым етті. Кейін қарапайым халықтың жағдайымен жақынырақ танысу үшін Қарақат Әбден қоғамдық көліктермен қаланы аралады. — Халықтың пiкiрі мен ұсыныстарын өз ауыздарынан есту үшін қалалық көліктермен Семейді аралап шықтым. Себебі қоғамдық көлікті жастар да, қариялар да пайдаланады. Зейнеткерлермен әңгімелесіп, әйелдердің зейнетке шығу жасын қысқарту, қарияларға арналған жеңілдіктерді көбейтуге қатысты олардың ұсыныстарын талқыладық, — деп атап өтті Қ.Әбден. Үміткердің бұл кездесуі сайлаушылардың оң бағасын алып, кеңінен қолдау тапты. Сонымен қатар үміткер өзінің Семей өңіріндегі сайлауалды штабының өкілдерімен кездесу өткізді. Өңірлік штабта 15 адам жұмыс істейді. Штаб мүшелері үгіт-насихат науқаны белсенді жүріп жатқанын жеткізді. Еске салсақ, Қарақат Әбден бұған дейін Ақмола облысы, Қарағанды, Астана, Екібастұз, Павлодар қалаларының тұрғындарымен жүздескен еді. Алдағы уақытта оның Алматы және Ақтөбе облысының сайлаушыларымен кездесу өткізетіні мәлім.