Ел Президентінің сайлауына дейін екі аптадан аса уақыт бар. Бұл аралықта республика тұрғындары таңдау жасап, үміткерлердің жобасымен танысуы тиіс. Ал саяси науқаннан сырт қалмау – әркімнің азаматтық парызы. Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы 20 қарашада өтеді. Қазіргі таңда кандидаттар еліміздің барлық өңірлерін аралап, өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда. Шын мәнінде бұл шараның маңызы зор. Өйткені еліміздің болашағын айқындар, ел тұтқасын ұстап, мемлекетімізді одан әрі дамытатын тұлғаны тұтас қоғам бірге анықтаса, еліміздің әрбір азаматының белсенділігі көрінсе ғана еліміз алға дамиды. Бұл тек Президентті ғана таңдау емес, ел болашағы үшін жасалатын маңызды қадам. Сол себепті сайлауға қатысып, жауапкершілік таныту – әр азаматтың құқығы мен парызы деп ойлаймын. Сайлауда әрбір азамат өз шешімінің, өз дауысының маңыздылығын түсінсе бұл науқанның да маңызы арта түспек. Еліміз үшін, ертеңгі болашақ үшін бұл сайлау өте маңызды. Сол себептен 20-қараша күні өзім секілді жастар, жалпы замандастарым сайлауға баруы керек деп ойлаймын. Ерғали ДОСТАЕВ, «Жастар Рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының мүшесі