Бүгін ҚР Парламентінің Мәжілісінде Қаңтар оқиғасы бойынша арнайы тыңдау тікелей эфирде өтті. Онда Бас прокурор мен құқық қорғау органдары басшылары есеп берді. Өткен жыл еліміз үшін оңай басталмады. Елімізде орын алған «Қасіретті қаңтар» оқиғасы Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихында болған ең ауыр оқиға болды. Тек 5 қаңтарды алсақ, бір күн ішінде еліміздің 8 өңірінде облыс орталықтары мен ірі қалалардың әкімдіктеріне шабуыл жасалды. Бұл күні тәртіпсіздікке қатысушылар Алматы әкімдігінің ғимаратына кіріп, Президенттің Алматыдағы резиденциясына барды, Атырау және Қызылорда облыстарының әкімдіктеріне шабуыл жасады, Талдықорған, Ақтөбе, Тараз және Семей қалаларының әкімдіктері мен Алматы халықаралық әуежайын басып алды. Сондай-ақ, Алматыда 5 қаңтар күні түстен кейін орын алған тәртіпсіздіктер одан да өрши түсті, шабуылдардың ұйымдастырылған сипаты айқын көрінді. Қала бойынша 3 полиция басқармасына жасалған шабуылдардан басқа, қылмыскерлер қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасап, нәтижесінде 1 440 бірлік қару ұрланды (оның ішінде 539 бірлік – мылтық, 813 бірлік – тегіс ұңғылы, 88 бірлік – жарақаттаушы қару). Бұл қару бірден АББ және ПД жасалған жаңа шабуылдар барысында қолданылды. «Қаңтар оқиғасы бүкіл елді дүр сілкіндіріп, бәрімізге үлкен сын болды. Бүгінде қолымызда толық мәліметтер бар. Тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Олардың ішінде жоғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері де болды. Барлық қаза болғандардың кім екенін, олардың қайтыс болу себептерін зерттедік. Қару-жарақты іздеу жалғасуда. Қылмыскерлерді жауапқа тартудамыз. Олардың ішінде қызмет мүддесінде опасыздық жасап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендер де бар. Азаптау бойынша істерді аяқтап жатырмыз», — деді Берік Асылов Мәжілістің бүгінгі отырысында. Қаңтар қасіреті қазақ халқы үшін үлкен сынақ болды. Осы оқиғалардан соң Президент бастамасымен бірден елде іргелі реформалар жүргізу қолға алынды. Әйтпесе, мемлекетіміздің саяси жүйесінің тоқырауға ұшырауы әбден мүмкін еді. 30 жылға жуық уақыт бойы жемқорлық, монополия мен олигополия билеп-төстеген елде бірден әділдік, ашықтық пен демократиялық орнату мүмкін емес әрине. Қаңтар оқиғасы – еліміз үшін үлкен қасірет. Бұл күн – баршамыз үшін өте ауыр күн. Көк аспанда желбіреген көк туымыз бұдан кейін ешқашан төмен түсірілмесін, көк байрағымыз мәңгілік желбіреп тұрсын! Мәлік ДӘУЛЕТОВ, «Түркістан Медиа» ЖШС директоры