Биыл 19 наурыз күні Қазақстан Республикасы Мәжілісі мен Мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл сайлау — еліміз үшін маңызды саяси науқан. Өйткені Парламент қабырғасында еліміздің ертеңі үшін қабылданатын заңдарды бекітетін мәжіліс депутаттарын сайлаймыз. Сондай-ақ, облыс пен аудан-қала аумағында қажетті салаға тиісті қаржыны бөліп, бастамалар көтеретін мәслихат депутаттарына дауыс береміз. Демек, бұл сайлаудан біз шет қалмай азаматтық ұстанымымызды көрсетіп сайлауға қатысайық. Депутаттардың биылғы сайлауы ерекше. Себебі мәжіліске депутаттар 70 пайыз партиялық тізіммен енсе, 30 пайыз бір мандатты мажоритарлық тәсілмен сайланбақ. Демек, ұйымдар не азаматтар өз-өзін ұсыну арқылы мәжіліс депутаты бола алады. Сондай-ақ, мәслихатқа депутаттар 50 пайыз партиялық тізіммен, 50 пайыз мажоритарлық жолмен енбек. Ал аудан-қала мәслихаттарына 100 пайыз мажоритарлық тәсілмен сайланбақ. Бұл дегеніміз – сайлау жүйесіндегі жаңашылдық. Кез келген азаматтың депутат болуына мүмкіндік. Түркістан облысында 1 168 658 сайлаушы бар екен. Ұлысымыздың ұйытқысы болған Оңтүстік өңірі қашанда елдік пен ерліктің, бірлік мен ынтымақтың алтын бесігі болып келген. Ел басына күн туған шақтан халық болып жеңе білген жұрт. Ендеше өңіріміздің ертеңі үшін шын алаңдасақ, азаматтық үнімізді қосайық. Саяси додада сол елдігімізді көрсетейік! Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы