Биылғы жылы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қолдауымен Наурыз мерекесі 10 күн бойы атап өтіледі. Мерекенің әр күнге арналған өзіндік іс-шаралары белгіленіп, облысқа қарасты барлық аудандарда жұмыстар атқарылуда. 11 наурыз күні аудан аумағында «Наурыз-тазалықтың айнасы» атты сенбілік өтіп, бұл күні барлық елді мекендер, көшелер, арық-атыздар күл-қоқыстан тазартылып қана қоймай, көшеттер, жеміс ағаштары егілді. Бүгін «Наурыз-салт — дәстүрдің жаңғыруы» тақырыбымен өткен іс-шарада аудан әкімдігі қызметкерлерін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, мерекенің маңыздылығы мен оны биылғы жылы ерекше дәстүрмен атап өтетінімізді әңгімеледім. Он күнге созылатын мерекеде аудандағы барлық мекеме қызметкерлері ұлттық нақыштағы киім үлгісімен келеді. Мереке шеңберінде концерттік бағдарламалар, ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарының көрмелері, түрлі байқаулар мен конкурстар, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, қайырымдылық акцияларын өткізу жоспарланып отыр. Ел ішінде бірлік, ынтымақты насихаттайтын ауқымды іс-шаралардың бірінші күнінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев «Еліміздің ырысы артып, азығы молая берсін. Мемлекетіміздің мерейі үстем болып, егеменді Қазақстан мәңгі жасасын!» деп батасын берді.