Бұл туралы аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауыл округінің тұрғындарымен кездесуінде айтты. Созақ ауданында заманауи үлгідегі 200 орындықты спорт кешенінің сараптамалық құжаттары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ы.Алтынсарин атындағы 900 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланған. Бүгінде аудандағы С.Қожанов атындағы ескі музей ғимараты балалар шығармашылық үйіне арналып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, аудан орталығы Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтек аудандарын толықтай ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Шолаққорған ауыл округіне қарасты Балдысу, Қарабұлақ елді мекендерінің атауы жоқ бір көшеге және Жеткіншек елді мекенінде атауы жоқ екі көшеге орташа жөндеу және жарықтандыру жұмыстары жүргізілмек. Қазір Абай елді мекеніндегі атауы жоқ бір көшеге орташа жөндеу жұмыстары да енгізіліп отыр. Осылайша биыл аудандағы шағын елді мекендерге көңіл бөлініп жатыр. Шолаққорған ауылынан Нұрлы жол көшесін, Қаламбаев пен Жамбыл көшелерінің жалғасын, Өмірбеков және Төлендиев көшелерін қосатын көлденең көшеге орташа жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылды. Алдағы уақытта тиісті жұмыстарды қолға алып, демеушілер есебінен Қарабұлақ елді мекені мен Шолаққорған ауылының Жібек-Жолы-2, Ж.Ерімбетов, А.Спатаев көшелерінде балалар ойын алаңы салынбақ. Ал А.Иманов, Қ.Рүстемов, Е.Өмірбеков, Әйтеке би, Жангелдин көшелеріне көше жарығын жүргізу жоспарланған.