Түркістандағы «Ұлы Дала Елі» орталығында Қожа Ахмет Ясауидің 930 жылдығы және Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Қариялар – дәстүрімнің қазығы» аймақтық ақсақалдар форумы өтті. Оған Шымкент қаласы, мен Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының ақсақалдары қатысты. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қоғамда ақсақалдардың орны айрықша екеніне тоқталды. – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен қазақ халқының ертеден келе жатқан Ақсақалдар институты жанданып жатқаны көңілді қуантады. Биыл наурыз айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізіп, халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды екенін, өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтқан болатын. Бұл форумда ақсақалдарымыз ел алдында мағыналы, салмақты сөз айтып, елді біріктіру бағытында парасатты ақыл-пікір қосады деп сенемін. Өйткені, ақсақалдар – даналықтың көзі, бірліктің ұйытқысы. Биыл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың туғанына 930 жыл толды. Дін ғұламасының құрметіне өтіп жатқан бүгінгі форумның халқымызға, елімізге тигізер пайдасы зор деп білемін. Түркістанның рухани астанаға айналуында Қожа Ахмет Ясауидің орны бөлек. Биыл Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толады. Осы қысқа ғана уақытта ауқымды жұмыс атқарылды. Түркістанның туристік әлеуеті артты. Біз Түркістанды дамыту арқылы тарихты дәріптеп, ұрпақтың санасына сіңіреміз! Түркістан – игі бастамалар мен идеялар ордасына айналсын! – деді Дархан Сатыбалды. Форумда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының баяндама жасады. Ол салт-дәстүрді сақтау, жастардың рухани әлеуетін көтеру, діни сауатын арттыру туралы мәселе көтерді. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов «Ізгі қоғам – жақсылықтың жаршысы» тақырыбында ой қозғаса, Қазақстанның құрметті судьясы, заң ғылымдарының докторы Бекет Тұрғараев «Ізгі қоғамды қалай қалыптастырамыз?» тақырыбында өз ұсыныстарын айтты. Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев «Жауапсыз әке кесірі – қаңғырған тірі жетім-жесірі» тақырыбында қоғамдағы өзекті мәселені қозғады. Қазақстан журналистер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, ардагер журналисті Өркен Исмаил «Ақсақалдарымыз бүгінгі жастарға не үйретуі тиіс?» деген сұраққа жауап іздеді. Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов «Түркістан – ішімдіктен ада қала» тақырыбындағы баяндама жасады. Алқалы жиында ұрпақ бойына ұлттық құндылықтар мен ізгілікті, отаншылдықты сіңіру, жат әдеттерден аулақ ету, ұлттық идеология және өзге де мәселелер бойынша ұсыныстар айтылды. Түркістанның мәртебесін асқақтату, тарихқа құрмет көрсету жөнінде де келелі ойлар қозғалды. Форум қортындысы бойынша Үндеу қабылданды.