Күні кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов облыстық мәслихаттың кезектен тыс 4-сессиясында депутаттар алдында есеп берді. Өңірдегі атқарылып жатқан ауқымды шаралардың барлығын жіпке тізген Бейбіт Бәкірұлы алдағы атқарар шаруаларға да кеңірек тоқталып өтті. Ең алдымен өңірге тартылып жатқан инвестициялар туралы молынан мәлімет берді. Әр салаға тоқталған өңір басшысы бес жылға жоспарланған барлық тапсырма жүзеге асып жатқанын мәлімдеді. Жетістіктерді жіпке тізген облыс әкімінің сөзінің салмағы басым. Оған дәлел — облыс бюджетінің өсімі 539 миллиард теңгеге жеткен. Бүгінде облыста жеті индустриалды аймақ табысты жұмыс атқарып, төртеуінде инфроқұрылым жүргізілуде. Аймақтарды индустриалды инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 27 млрд теңгеге 16 жоба іске қосылып, 845 адам жұмыспен қамтылған. Алты айда 384 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Білім беру саласында ағымдағы жылы 37 мектепке дейінгі ұйымдар ашылып, жалпы саны 1 561 бірлікке, балаларды қамту көрсеткіші 80,5%-дан 82,3% жеткен. Бүгінгі таңда 42 мектеп, 6 балабақша іске қосылып, нәтижесінде 11 апатты жағдайдағы, 9 үш ауысымдық мектептердің құрылысы аяқталды. 77 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта үш ауысымды мектептерді мүлде жою міндеті тұр. Ол үшін жы сайын жаңадан салынатын мектептер санын көбейту қажет. Ағымдағы жылы 5 мәдениет үйі, 1 мұражай пайдалануға берілді. Мәдениет саласына жасалып жатқан игі шаралардың басы ғана бұл. (Жалғасы бар)