(Жалғасы)
Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов облыстық мәслихаттың кезектен тыс 4-сессиясында депутаттар алдында есеп бергені белгілі. Облысты алға тартатын экономикалық көрсеткіштерден бөлек білім, спорт, мәдениет салаларындағы жетістіктерді де жоғары бағалады. Облыс әкімі маңызды салалардағы жетістіктерге кеңірек тоқталды. Бүгінде білікті жас мамандарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында облысымыздың жоғары оқу орындары үздік бітірген түлектер арасында іріктеу жүргізіліп, 50 жас маманнан тұратын «Кадрлардың алтын резерві» жасақталды. Осы алтын қорда рещервте тұрған жастардың дені бүгінде мемлекеттік қызметтерде жемісті еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, жыл басынан бері облыс спортшылары чемпионаттар мен біріншіліктерге қатысып, 403 алтын, 392 күміс, 384 қола медальға қол жеткізді. Рио-де-Жанейро өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына 1 күміс, 1 қола медальды облысымыздың спортшылары салды. Есепті кезеңде 1 спорт кешені іске қосылды. Жалпы жоғарыда атқарылған жұмыстардың барлығы халықтың тұрмыс деңгейін арттыру үшін жасалып отыр. Облыстың экономикасына әсері бар туризм саласын дамыту бағытында Арыстанбаб сияқты тарихи көне орындарға баратын жолдар жөнделетін болып шешілді. Солтүстік өңірлерге қоныстанған жерлестерімізді қолдау үшін аудандармен жеке бауырлас болу жөнінде ұсыныс та жасалды. Елбасының тапсырмаларының жергілікті жерлерде орындалуын өңір басшысымен бірге қамтамасыз еткен депутаттар Бейбіт Атамқұловтың жұмысына жақсы деген баға берді. Облыс басшысы сөз соңын «Алдағы уақытта да сіздер мен біздер бірлесе отырып, Елбасымен белгіленген «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және «Мәңгілік ел» Ұлттық идеясын толық жүзеге асыратынымызға сенімдімін» деп аяқтады.