Бұрындары мектептерде қыздар жиналысы деген болатын. Мұғалімдер ауылдағы айтары бар ардақты аналарды шақырып бойжеткендерге өнеге боларлық алтын тін орнатушы еді. Бүгінде бұл үрдіс үзіліп қалғандай-тын. Оңтүстік Қазақстан облысының әр ауданында бүгінде бойжеткендерге арнап түрлі тақырыптағы кештер ұйымастыру үрдіске айналып келеді. Жуырда Отырар ауданындағы Д.Құрманбек атындағы №20 колледжде «Тәуелсіз елдің болашағы» айдарымен аудандағы жасөспірім қыздар арасында «Мен ертеңгі анамын» атты іс-шара өтті. Шараға аудан әкімі аппаратының бас инспекторы А.Досберді, аудандық аурухананың акушер-гинекологы, дәрігер- М.Егізбаева, Акушер гинеколог- Б.Балтабекова аудандық аурухананың емдеу ісі жөніндегі орынбасары — Б.Анарбайқызы, кітапхана қызметкерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Колледждің әлеуметтік педагогы Г.Сәрсенбі «Қазақтың қайсар қыздары» тақырыбында тәрбие мен рухани сипатқа толы баяндама оқыды. Әрине әртүрлі маман иелерінің бойжеткендерге айтары көп. Бүгінгі бойжеткендер бұл кештен өздеріне өнеге боларлық көптеген мағлұматтарға қанықты. Егізбаева Мадина балауса қыз балаларға арналған медициналық кеңесін айта отырып, қойылған сауалдарға тұшымды жауап берді. Аудандық орталық кітапхана қызметкерлері «Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Ауданымыздың жас суретшісі, колледж студенті Б.Төлегеннің қазақ қыздарының кемеңгерлігі мен сұлулығын бейнелейтін суреттері ұсынылып, қыздар ұйымының жетекшісі А.Бейсенбаева қыз балаға араналған 40 түрлі тыйымдармен қатар тұрмыстық өмірге қажет түрлі кеңестерді атап өтті. Жиын соңын А.Досберді ханым «Сабыр мен төзімді, ақыл мен парасаттылықты тізгіндеген қазақтың ару қыздары қашанда құрметке лайық» — деп қорытындылады.