«Ордабасы» футбол командасы өз жанкүйерлерін қуантпақ ниетте. Жағымды жаңалық оңтүстікте алғаш рет орын алмақ. Жергілікті команданың облыс орталығындағы кездесулері 5 сәуірден бастап «Қазақстан-Шымкент» телеарнасынан тікелей эфирден көрсетілетін болады. Бұл бастама облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының қолдауымен іске асып отыр. Облыс орталығынан шалғай шетте жатқан ауыл тұрғындары үйлерінде отырып ақ тамашалайтын болады. Облыстық бас телеарна жасыл алаңдағы тартысты бәсекелерді жұртшылық назарына сапалы әрі уақтылы ұсынбақ. Тікелей эфирден берілетін матчтарды облысымызға белгілі спорт журналистері жүргізетін болады. «Ордабасының» ел біріншілігі және ел кубогі жолындағы ойындары бұрын-соңды эфирден берілген емес. «Ордабасы» футбол командасының жанкүйері Берік Құрманғалидің айтуынша, облыс футболы тарихында алғаш рет жергілікті телеарна бір маусым бойы қызықты кездесулерді көрермен назарына ұсынады.
Берік Құрманғали, Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының бастығы:
— Бұл бастама өз жемісін береді деген сенімдемін. Себебі, Оңтүстіктің төл командасы — «Ордабасының» артында 3 миллионға жуық жанкүйері бар. Сондай-ақ, Шымкентте өтіп жатқан доп додасын OTAU TV арқылы өзге облыстардағы жанкүйерлер де көре алады. Трансляция барысында жергілікті жас тілшілердің де бағын сынап, өңірдегі спорт комментаторлары мектебін қалыптастыруды да көздеп отырмыз. Студияға спорт сарапшылары, жанкүйерлер, футбол мамандары қонақ ретінде қатыстырылып, футбол тәжірибесімен бөліседі. Биыл «Ордабасы» Еуропа лигасында да бақ сынайды. Бас бапкер Кумыков бастаған жігіттерден күтеріміз көп. Командаға осылай қолдау көрсете білсек, сайыпқырандарымыз намысты қолдан бермейді деген ойдамын.
Шымкенттік команда 5 сәуірде «Тараз» футбол командасымен кездеседі. Бастапқыда кездесулер жазылып алынып, кешкі эфирден берілетін болады. Бір-екі матчтан соң тікелей көрсетілім болады.